Сәкен мектебі ашылды

Кеншілер қаласында тағы бір жаңа өнер мектебі ашылды. Қазақтың атақты ақыны, жалынды жазушысы, дарынды драматург Сәкен Сейфуллин атындағы SMart өнер мектебін әнші Сәкен Майғазиев ашты.

Өнер мектебінің жұмысы бір ай бұрын ғана басталса да, қазір 100-ден астам талапты баланы жиып үлгерген. 6 және 16 жас аралығындағы қарағандылықтар домбыра, флейта, қобыз, жетіген, сурет, вокал мен актерлік шеберлік сынды бірқатар үйірмеде өнердегі таланттарын ұштап, қанаттарын қатайтады. Бүгінде өнер мектебі Тараз, Алматы, Қызылорда мен Шымкент қаласында бар болса, келешекте филиалдарын әр қаладан ашу көзделіп отыр.

– Киелі Сарыарқа елінен «сен тұр, мен атайын» дейтін небір жүйріктер шыққан. Күміскөмей әншілер, жезтаңдай жыршыларымыз жетерлік. Әр елдің, ұлттың тілі, діні, ділі, өз салт-дәстүрі бар. Онсыз ұлт болу мүмкін емес. Сонау жылдары Алматыда үлкен тұрғын үй кешенінде тұрдым. Сонда түрлі балаларды көрдім. Қазақылығымызға, дәстүрімізге жат дүниелерді көрдім. Жүрегім сыздады. Оларға тоқпақпен үйрете алмайтынымызға көзім жетті. Тек ұрпақты ұлттық өнерге баулу арқылы жеңетінімізді түйсіндім де, осы мектепті ашуды ұйғардым, – дейді Сәкен Майғазиев.

Мектептегі үйірмелер құны қарапайым тұрғындар үшін қолжетімді бағада.

– Қарағанды өңірінде бұл – жаңалық. Әннің естісін айтатын, сахна өнерінің мәдениетін танытатын, өнердің биіктігін көрсететін қазақтың, Алаштың бір ұлы – Сәкен Майғазиев. Сәкен мектебі дәстүрлі әндерді насихаттайтын мектеп боларына кәміл сенімдімін, – дейді Кеншілер мәдениет сарайының басшысы Жаролла Ақышев.