Сүңгі мұздар қауіп төндіріп отыр
Ауа райының құбылмалылығынан шатырларда алып мұз сүңгілері пайда болып, тұрғындардың алаңдаушылығын тудыруда. Бұл мұздарды кім бақылауға алуы керек?
Егер өткен жылы мұз сүңгілері наурыз айында пайда болса, биылғы ерте жылымық бұл үдеріске ықпал етуде. Кейбірінің ұзындығы бірнеше метрге жетеді. Билік тұрғындарды қауіпсіз жолдарды таңдауға, жиі жоғары қарап жүруге, сондай-ақ көліктерін ғимараттарға жақын жерлерге қоймауға шақырады. «Шатырларды кім тазалауы керек?» деген сұрақты тұрғындар жыл сайын қойып, ТЖД қызметкерлерінен көмек күтеді. Алайда жағдай жылдар бойы өзгеріссіз қалып келеді. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес, тұрғын және тұрғын емес ғимараттардың иелері немесе олардың өкілдері қауіптің алдын алу шараларын қабылдауы тиіс.
– Шатырда мұз бар жерлерді көрсеңіздер, 112 телефон нөміріне қоңырау шалыңыздар. Өтініш беріңіздер, біз ПИК арқылы немесе ТЖ қызметкерлерінің күштерімен қаупі бар жерлердің мұздарын алуға көмектесеміз, – дейді Қазыбек би ауданы аппаратының ТКШ және өмірді қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Ерік Ахметов.
Басқарушы компаниялардың жетекшілері бірауыздан жұмыстың қауырт екенін айтады. Мұз сүңгілерін қағып түсіру және кесіп алу үшін техника мен мамандандырылған компанияларды жалдауға қаражат табуға тура келеді.
– Гоголь көшесі, 39 үй – күрделі үй. Қала орталығындағы бұл үйге тұрғындар бастапқы кездері шаршы метріне, мұздарды түсіруге 10 теңгеден салған болатын. Адам өміріне қауіпті мұздарды арнайы техникалармен түсіреді. Пичугина, Комиссаров көшелерінің мұздарын түсірдік, – дейді «Стимул» ПИК төрайымы Елена Горбунова.
Мұз сүңгілеріне қатысты да жауапкершілік – үй иелерінің өз мойнында. Егер шатырдан немесе балконнан құлаған мұз адамға зиян келтірсе, тұрғын үй иелері қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»