Құс фабрикасы қайта жанданды

Қала іргесіндегі Доскей ауылындағы құс фабрикасы қайта жанданды. Аймақтағы ірі кәсіпорындардың санатында болған шаруашылық бір жылдан астам уақыт тоқтап тұрған еді. Бүгінде фабрика басшылығы ауысқан. Жаңа қожайындар жұмысты жолға қойып, нарыққа өнім шығаруды бастап кетті.

— Алдымен жабдықты жуу жүргізілді, өндірістік үй-жайлар жөнделді. Биыл қаңтар айынан бастап біз 195 мың бас құс сатып алдық. Бұл Свердловск қаласынан келген кросс хайсекс браун мен декалб уайт секілді жоғары өнімділігімен ерекшеленетін балапандар. Тауық кроссы — жұмыртқа мен еттің жоғары өндірісіне қол жеткізу үшін бірнеше тұқымның будандары. Қазір үлкен құстар жұмыртқалап жатыр, кішілері әлі де өсірілуде, — дейді «Майқұдық жұмыртқалары» ЖШС директоры Динара Малғаждарова.

Бүгінгі таңда фабрикада тәулігіне 177 мың жұмыртқа алынады. Бұл жалпы құс басының 94 %-ы жұмыртқалап жатқанын білдіреді. Өндіріс қуаттылығы — жылына 100 млн. дана жұмыртқа және шамамен 600 мың бас құс.

Өндірісте 120 адам жұмыс істейді. Олардың арасында бұрынғы жұмыс орнына оралғандар да бар. Барлық қызметкер әлеуметтік пакетпен қамтылған. Толық қуатқа шыққанда 170–180 адам жұмысқа орналасады.

Құс фабрикасы Қарағанды, Алматы, Нұр-Сұлтан және Көкшетау қалаларына С1 және С2 санатындағы таңдаулы жұмыртқаларды өткізеді. Сондай-ақ, өнім Ауғанстанға экспортталады.

Жақын арада жабдық жаңартылады. Жеткізушілермен келіссөздер жүріп жатыр. Сондай-ақ, жұмыртқа жеткізу бойынша меморандум жасасу аясында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасымен келіссөздер жүргізілуде.

Зауыт келесі жылдың мамыр айында толыққанды жұмыс істей бастайды. Содан кейін дайын өнім цехын кеңейту және балапандар шығару үшін инкубация цехын іске қосу жоспарлануда.

Өз тілшімізден