Құрылыс қайта қарқын алды

Қарағандыда биыл ұзаққа созылған құрылыстардың бірінің мәселесі шешіледі. «Шапағат» тұрғын үй кешенінде үшінші және төртінші 10 қабатты блок-секциялар пайдалануға беріледі. Қазіргі уақытта мұнда белсенді құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.

Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекбаев жұмыс сапары барысында тұрғын үй нысандарының құрылыс алаңдарында болып қайтты.

«Шапағат» тұрғын үй кешенінің аяқталмаған секцияларында сегізінші қабаттың қабырғалары қаланады. Құрылыста 65 жұмысшы жұмыс істейді. Олар техникамен және материалдармен толық қамтамасыз етілген. Нысанды техникалық қадағалау қызметкерлері үнемі бақылап отыр. Құрылыс аяқталғанша, үйлердің аумағы абаттандырылады. Тұрғын үйді 90 отбасы жалға алады. Ермағамбет Бөлекбаев мердігерге кестеден қалмауды және жұмыстың сапасын бақылауды тапсырды.

Майқұдықта Чапаев көшесінде әлеуметтік несиелік тұрғын үй салынуда. Бұрынғы мердігермен келісімшарт бұзылды. Биыл тоғыз қабатты ғимаратты салуға жаңа мердігер кірісті.

– 108 пәтерлік үй. Қазір екінші қабатты көтеру жұмыстары жүріп жатыр. Әдетте айына екі қабат салынады. Құрылыстың аяқталу мерзімі 2024 жылдың бірінші тоқсаны деп жоспарланып отыр, – деді Қарағанды қаласы Құрылыс бөлімінің басшысы Мұрат Камалиев.

Ал Белинский көшесіндегі тоғыз қабатты ғимарат 90%-ға аяқталды. Құрылысшылар ішкі әрлеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал тамыз айында айналасын абаттандыру басталады. Үйде 72 пәтер бар. Құрылысы толық аяқталған соң, тұрғын үй жалға беріледі.

Аймақ басшысына орамішілік жылу желілерінің жобалары таныстырылды.

Биыл 21-шағынауданның №4 араластыру торабына жалғанатын жылу желілерін қайта құру басталды. Негізгі мақсат – Шахтерский шағынауданын қосу мүмкіндігін қарастыра отырып қолданыстағы жылу желілерін кеңейту. Орталықтандырылған жылу екі қабатты 67 үйге және үш қабатты үйлерге жеткізіледі. Құбыр төсеу аяқталуда, 5,3 км-дің 300 метрін ғана төсеу қалды.

Бирюзов көшесінде №26 араластыру торабы қайта жаңартылуда. Бұл 11-шағынауданның жылу желілерін жаңартуға, №102 мектепті орталық жылуға қосуға және жаңа нысандарды жылытуға мүмкіндік береді.