Құрт ауруының қауіптілігі неде?

Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне орай 24 ақпан мен 24 наурыз аралығында өңірімізде «Туберкулездің алдын алу айлығы» өткізіліп жатыр. Аталмыш дерттің аймағымыздағы эпидемилогиялық ахуалы қандай деңгейде? Онымен қалай күресуге болады?

Туберкулез – жаһандық денсаулық сақтау жүйесі үшін үлкен қауіп. Қазақстанда бұл аурудың алдын алу және оны емдеу 2020-2025 жылдарға арналған денсаулық сақтау жүйесін дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның басым бағыттарының бірі. «Туберкулездің алдын алу айлығының» аясында медициналық ұйымдарда, білім беру мекемелерінде және  бұқаралық ақпарат құралдарында түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Қарағанды, Теміртау, Балқаш қалаларында жылжымалы флюорографиялық қондырғылар қызмет көрсетеді. Бұл тұрғындардың қолжетімді әрі ыңғайлы жағдайда тегін тексеруден өтуіне мүмкіндік береді.

– «Туберкулездің алдын алу айлығы» өңірімізде 24 ақпаннан 24 наурызға дейін өткізіледі.  Бұл шара 24 наурыз – Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылып отыр. Қазіргі күні облысымызда аталған дерт қалыпты деңгейде, алайда сақтық шараларын қолдану маңызды, – дейді Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Назерке Қыздарбек.

Қарағанды облысында эпидемиологиялық жағдай біршама жақсарғанымен, күрделілігін сақтап тұр. 2024 жылы науқастардың деңгейі 6,5%-ға төмендеді, өлім-жітім көрсеткіші 18,2%-ға азайды. Алайда дәріге төзімді туберкулез жағдайларының көбеюі алаңдаушылық туғызады, дейді мамандар. Дәрігерлер тұрғындарды жылына кемінде бір рет флюрографиялық тексеруден өтуге шақырады. Аурудың ерте кезеңінде клиникалық белгілер байқалмауы мүмкін, сондықтан уақытылы диагностика – туберкулезбен күрестегі ең тиімді әдіс.

Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,                                   

«QH»