Ұрпақтар сабақтастығы: ардагерлер қоғамның рухани тірегі

Қарағандыда облыстық Ардагерлер кеңесінің оныншы есеп беру сайлау конференциясы өтті. Ауқымды жиынға өңірдің барлық қаласы мен аудандарынан ардагерлер ұйымдарының мүшелері қатысып, өткен кезеңнің жұмысы қорытындыланып, алдағы уақыттың негізгі міндеттері айқындалды.

Басқосуда ардагерлердің қоғам өміріндегі орны, олардың жас ұрпаққа өнеге берудегі рөлі ерекше атап өтілді. Қазіргі таңда «Адал азамат» тұжырымдамасын жүзеге асыруда ақсақалдар институтының ықпалы артып отыр. Ардагерлер тек өткеннің куәгері ғана емес, бүгінгі қоғамның рухани тірегі әрі тәрбие мектебі ретінде бағалануда.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Ораз Тәуірбеков қоғамдағы өзекті мәселелерге тоқталып, ақсақалдардың беделі мен жауапкершілігін ерекше атады.

«Лудомания, нашақорлық, жеңіл ақшаға құмарлық және жауапкершіліктен қашу сияқты құбылыстар жастарға кері әсерін тигізуде. Қазір күрес тек жер үшін емес, сана үшін жүріп жатыр. Мұндай жағдайда заңмен қатар, ақсақалдар институтының орны айрықша. Ақсақал – тек жасы үлкен адам емес, ол әділдіктің, ішкі тепе-теңдіктің иесі. Бірауыз сөзімен-ақ қақтығысты тоқтатып, жастарды дұрыс жолға бағыттай алады», – деді Ораз Тәуірбеков.

Конференция барысында ардагерлер ұйымдарының атқарған жұмысына оң баға беріліп, олардың әлеуметтік қорғау бағытындағы бастамалары кеңінен талқыланды. Ардагерлердің құқықтарын қорғау, медициналық қызмет сапасын арттыру және тұрмыстық жағдайын жақсарту мәселелері күн тәртібінен түскен жоқ.

Облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғабит Тұяқов есепті кезеңдегі жұмыстарға тоқталып, ұйым құрылымының тұрақты түрде жаңарып отыратынын атап өтті.

«Біздің облыстық кеңес құрамын әр бес жыл сайын жаңартып отырады, бұл ұйым жұмысының ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етеді», – деді Ғабит Тұяқов.

Жиында сондай-ақ жалғызбасты қарттарға көмек көрсету жұмыстары да сөз болды. Әлеуметтік қолдауды күшейту мақсатында еріктілер мен меценаттарды тарту арқылы жүйелі жұмыс жүргізу туралы шешім қабылданды.

Әлихан Бөкейхан ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Аймағамбетов қарттарға тек материалдық емес, рухани қолдау да маңызды екенін айтты.

«Көмек тек мерекемен шектелмеуі керек. Қарт адамдарға ең алдымен назар, жылы сөз және шынайы ілтипат қажет. Біз оларды үнемі қолдап отыруымыз тиіс», – деді Марат Аймағамбетов.

Конференцияда жастар тәрбиесі, құқық бұзушылықтың алдын алу, жұмыссыздықпен күрес және көпбалалы отбасыларды қолдау мәселелері де кеңінен қарастырылды. Жиын қорытындысында облыстық ардагерлер кеңесінің жаңа құрамы сайланып, алдағы кезеңге арналған басым бағыттар бекітілді.

Ардагерлер кеңесі – ұрпақтар сабақтастығын жалғап, қоғамның рухани негізін нығайтатын маңызды қоғамдық институт ретінде өз жұмысын жалғастыра бермек.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»