Роза БЕГАЙДАРОВА: «Тұмау жеңіл дерт емес»

Биылғы маусымдық тұмау кезеңі үлкенге де, кішіге де оңай болмай тұр. Оның үстіне коронавирус та көбейіп барады. Қазан айынан бері жіті респираторлық вирус инфекциясымен 15 мыңнан астам адам ауырыпты. Оның жартысынан көбі 14 жасқа дейінгі балалар екенін айтады мамандар. Биылғы тұмаудың ерекшелігі, оның коронавирустан айырмашылығы, емдеу жолдары жайлы сауалдарымызға медицина ғылымдарының докторы, профессор, жоғары санаттағы дәрігер Роза Бегайдарова жауап берді.

– Роза Хасанқызы, жақында ғана Денсаулық сақтау министрі елімізде тұмаудың бірнеше түрі жүріп жатыр деді, оның ішінде шошқа тұмауы да бар екен. Биылғы тұмау түрлері қаншалықты қауіпті?

– Жыл сайын тұмаудың түрлі штамы жүреді. Биыл бізде тұмаудың А (Н3N2) және В штамдары тіркелді, сонымен бірге, шошқа тұмауы бар. Одан бөлек, «омикрон» да айналымда. Коронавируспен ауырғандар көбейіп келе жатқанын көрсететін статистикалық мәліметтер келтіріледі. Тіпті, ауыр жағдайда жатқан, ӨЖЖ аппаратына қосылғандар да бар. Тұмаудың В штамына, басқа да вирустарға қарағанда А штамы қауіпті. Ол өте ауыр өтеді. Әсіресе, бір жасқа дейінгі балаларға, жалпы балаларға және жүкті әйелдерге қауіпті.

– Тұмау мен коронавирус белгілері ұқсас келеді. Дегенмен, оларды айыратын белгі бар ма?

– Айырмашылығы – олардың жұғу жолдарында. Мәселен, адамның тұмаумен ауырып тұрғаны айқын білінсе, ол басқаларға жұқтыра алады. Коронавирус болса, айқын белгілерсіз болуы мүкін. Адам өзінің КВИ-мен ауырғанын білмей өзгелерге жұқтыруы. мүмкін. Ал, белгілері жағынан ұқсас келеді. Тек, коронавирус кезінде дене қызуы ұзақ уақыт түспейді және адам иіс, дәм сезбей қалады. Бұл сипат «омикронға» емес, оның алдындағы «дельта» штамы кезінде айқын байқалды. Жалпы, коронавирус балаларда жеңілдеу өтеді делінеді, десе де қатты ауырған балалар бар. Ал, тұмау балалар үшін аса қауіпті. Қазір бізге балалар көп түсуде. Оларда өте жоғары дене қызуы, интоксикация белгілері айқын байқалады. Аз уақыт ішінде тұмау балаларда вирусты немесе бактериалды пневмония тудыруы мүмкін. Бұл да қауіптің бірі. Жалпы, тұмау ойнайтын ауру емес. Ол орталық жүйке жүйесін зақымдауы мүмкін, менингит, пневмония, дененің тартылып қалуына себеп болуы мүмкін. Реанимацияда жатқан балалар бар.

– Иә, расымен де балалардың көп ауырып жатқанын естіп жүрміз. Әдеттегі тұмау белгілерінен бөлек, құсу, іш өту сияқты белгілер байқалады. Оларды қалай емдеуге болады?

– Былай қарағанда бұл тұмау белгілері емес. Дегенмен, дене қызуы көтерілген жағдайда балалар құсады, ішек дисфункциясы, яғни, іш өту байқалады. Бұл аденовирус немесе ротавирусты инфекция болуы мүмкін. Не болмаса тұмау мен ротавирус араласып тұр деген сөз. Мұндай балаларды емдеу кезінде әрқайсына бөлек ем қолданылады. Вирус болса, вирусқа қарсы препараттар, бактериалды пневмония асқынса, антибиотиктер, биопрепараттар, аллергияға қарсы ем, ингаляция, мұрынды тазарту жасалады. Емдеу тек қана хаттама бойынша. Антибиотик вирусты инфекцияға мүлдем әсер етпейді, керісінше, жағдайын нашарлатып жіберуі мүмкін. Антибиотикті оңды-солды қолдану ішек дисбиозына алып келеді. Яғни, ішектегі пайдалы бактериялар жойылып кетеді. Сондықтан, оны тек қана дәрігердің нұсқауымен пайдалану керек. 

– Бұл ретте неше түрлі халық емі де жарнамаланып жатады. Олардың нәтижесі бар ма?

– Ол негізгі ем емес. Дегенмен, қосымша ретінде бал, лимон не имбирь қосылған шай ішкен жақсы. Кейбір аналар балаларына сарымсақтан «моншақ» жасап беріп жатады. Оның барлығы негізгі емге қосымша.

– Алда мереке келе жатыр. Тұмаудың. өрши түсетіні анық. Профилактика ретінде не істеу керек?

– Тұмау маусымына профилактика қазан, қараша айларында жасалуы керек вакцинация. Біздің кафедра оқытушылары, инфекционист дәрігерлер, барлық студенттеріміз гриппол+ вакцинасын алды. Тұмауға қарсы вакцина алған адам ауырса да, ол жеңіл түрде өтеді. Бұл – профилактиканың спецификалық жолы.. Вирусқа қарсы препараттарды қабылдау, маска тағу спецификалық емес әдістерге жатады. Қазір дәріханаларда мұндай препараттардың түрі көп.

Негізінде, коронавирус кезіндегідей маска таққан дұрыс және арақашықтық. сақтауға тырысу керек. Шырша мерекесінде балалардың бір-бірімен тығыз араласпауын қадағалаған жөн. Бұл жағынан қандай да бір шектеу жасалғаны дұрыс деп ойлаймын. Сыртқа, көпшілік жерге шығарда мұрынға виферон жақпасын немесе оксолин жағып шықса болады. «Тұмау ғой» деп қолды сілтеуге болмайды. Ол асқынса, басқа да ауруларды қозғайды. Тіпті, өлім-жітімге де алып келуі мүмкін. Сондықтан, ауырмауға тырысып, ауырса, дұрыс емделу қажет.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕК.