Рой Джонс Қарағандыда

Қарағандыда еңбек сіңірген жаттықтырушы Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған XXХVIІ халықаралық турнир өтуде. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған жарысқа жұлдызды қонақтар жиналды. Олардың арасында аты аңызға айналған боксшы, кәсіпқойлар арасындағы абсолютті әлем чемпионы Рой Джонс-кіші де болды.

Турнир Серік Сәпиев атындағы бокс орталығында өтіп жатыр. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей және Қытайдан келген 110 спортшы біріншілік жүлделеріне таласуда. Қарағанды облысының намысын 34 боксшы қорғайды.

– Қарағандыға келгеніме өте қуаныштымын. Бұл – кеншілер шаһарына үшінші рет келуім. Әр келгенімде қаланың гүлденіп, дамып келе жатқанын байқаймын. Халқы – қонақжай, керемет адамдар. Шақырып жатса, тағы да келемін, – деді Рой Джонс баспасөз мәслихатында.

Абсолютті әлем чемпионы 2014 және 2016 жылдары да әлемдік бокс жұлдызы Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған халықаралық турнирдің қонағы болған. Осы сапарында Қарағандының Теннис орталығында жанкүйерлерімен кездесті. Ракетка шеберлігін көрсетіп, қолтаңба берді. Турнирдің ашылуында рэп-орындаушы ретінде танымал боксшы өзінің үш композициясын орындады.

Жарысқа қатысушыларды бокстан әлем чемпионы Валерий Рачков, 1986 жылғы Еуропаның үздік футболшысы Игорь Беланов, хфоккейден Еуропа чемпионы, Стэнли Кубогының екі дүркін жеңімпазы Сергей Немчинов қарсы алды. Сонымен қатар Қарағандының тумасы, кинорежиссер және сценарист Олег Степченко, «Боксшы» фильмінің режиссері Ақан Сатаев та құрметті қонақтар қатарында болды.

Ғалым Жарылғапов – Жаңаарқа ауданының тумасы. Қарағанды дене шынықтыру және спорт техникумын басқарған. Қарағанды облыстық атқару комитеті жанындағы дене шынықтыру және спорт комитетінің төрағасы болып қызмет еткен. Өңірдегі спорттың дамуына, жаттықтырушылар кадрлары мен спортшыларды даярлауға үлкен үлес қосқан.

Ғалым Жарылғаповтың алғашқы еске алу турнирін 1984 жылы достары мен әріптестері ұйымдастырған. Чемпионат жыл сайын өткізіліп, халықаралық мәртебеге ие болды. Турнирде әр жыл сайын Василий Жиров, Болат Жұмаділов, Ермұхан Ыбырайымов, Аркадий Топаев, Игорь Шишкин, Анатолий Александров, Олег Маскаев, Бекзат Саттарханов, Геннадий Головкин, Серік Елеуов, Серік Сәпиев сияқты шаршы алаң шеберлері жеңімпаз атанған.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА,

QH.