Roboland – 2022: ақиқатқа айналған арман

Қарағанды қаласындағы «Жастар» спорт кешенінде екі күн бойы әлем елдерінен келген балалар мен жасөспірімдер байқауы өтті. Бір ерекшелігі – бұл жолы көпшілік роботтар әлемінің куәгеріне айналды. Яғни оқушылар қолынан шыққан құлтемірлер байқаудың басты шартына айналған-ды.

ROBOLAND – 2022 VII Халықаралық робототехника, бағдарламалау және инновациялық технологиялар фестиваліне бес елден (Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және Грекия) қатысушылар жиналды.

Жарыста 16 санат бойынша 300-ден астам команда, 800-ден астам техникалық-шығармашылық әуесқой бақ сынасты.

RoboLand ҚР Оқу-ағарту министрлігінің олимпиадалар мен конкурстар тізбесіне енгізілген. Грекиядан келген қатысушылар Қарағандыдағы фестиваль туралы қайдан білгендерін, оған қатысу неліктен абырой саналатыны туралы айтып берді.

– Төрт жыл бұрын менің жұбайым RoboLand-қа спикер ретінде қатысты. Ол STEM білім беруді дамыту бойынша семинар өткізді. Биыл біз ұйымдастырушылардың шақыруын алдық. Содан робогеометрия және 3D модельдеу жарыстарында күш сынап көрмек боп шештік. Мен Қазақстанға үш оқушымен ұшып келдім. Жол ұзақ. Крит аралы – Афина – Стамбул – Астана, қысқасы, әуеде бір күн болдық. Бірақ бұл – біз үшін жаңа деңгейге көтерілудің жақсы мүмкіндігі, – дейді Иерапетра қаласындағы жеке робототехника клубының директоры Кристина Лампраки.

Жүлделі орындарды жеңіп алу мүмкін болмаса да, қатысудың артықшылықтары бар екенін айтады шетел өкілдері.

– Маған түрлі елден көп бала жиналғаны ұнады. Климаты өте жайлы. Мен мұнда жаңа достар таптым, байланыстармен алмастым, сөйлесеміз. Робогеометрия мәселесі қиын болды, ол ұзақ уақыт жұмыс істеді, бірақ бұл – мәселелерді шешудің керемет тәжірибесі. Егер мұндай мүмкіндік болса, бұл фестивальға тағы да қатысқым келеді, – деп бөлісті Грекиядан келген студент Манос Форос.

Қазақстанда RoboLand-қа шетелде табысты өнер көрсетіп жүрген оқушылар да қатысуды армандайды.

– RoboLand-қа 7-сыныпта оқып жүргенде қатысқым келді. Ол кезде оқуда жүктемем көбейіп кеткеніне байланысты сәтсіздікке ұшырадым. Биылғы жылы қатысу мүмкіндігіне ие болғаныма қуаныштымын. Лондонда, Хьюстонда өткен халықаралық байқауларға қатысқаныма қарамастан мен осы жерге ұмтылдым. Өз жетістіктерімді көрсетіп, басқалардың не істей алатынын көргім келеді. Мұнда кішкентай балалар да өнер көрсетеді, ал мен оларды өз моделіммен шабыттандырамын деп үміттенемін. Сонымен қатар бұл – жаңа достар табуға жақсы мүмкіндік, – деді Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Нұрсұлтан Жанұзақов.

Оның «A’Doner» командасы фестивальда домбыра шертетін робот ұсынды. Авторлардың пікірінше, болашақта электронды музыкант нағыз оркестрдің бір бөлігі бола алады. Көрермендер оған қошемет көрсетіп жатыр. Қойылым «Роботтың қатысуымен өткен шоу» санатында ең жақсы деп танылды.

Оныншы сынып оқушысы Наргиза Досқалиева Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауылынан келді.

– Бұл – робот-тазартқыш. Бір күн автономды, бір зарядта жұмыс істей алады, – деді ол өз командасының моделін таныстыра келе. – Бір апта бұрын осы роботпен Санкт-Петербургте халықаралық байқауға барып, күміс жүлде алдық. Біз RoboLand-қа да тіркеліп үлгердік, міне, қазір біз осында тұрмыз. Бәсекелестік неғұрлым көп болса, соғұрлым тәжірибе көп болады.

Жоғары сынып оқушылары арасындағы шығармашылық санатта бәсекелестік маңызды болды. Робот-тазартқыш үшінші орынға ие болды.

Екінші орынды Бішкек командасы Тедди роботымен (медициналық көмекші) жеңіп алды. Оған бала температурасын және дененің басқа көрсеткіштерін өлшейтін сенсор орнатылған. Көмекші ойыншықты емханада, балабақшаларда және ойын-сауық орталықтарында пайдалануға болады.

Команда мүшелерінің бірі, 11-сынып оқушысы Ринат Советканов төрт жыл бұрын RoboLand-қа қатысқан. Ол кезде ешқандай сыйақы ала алмады.

– 2018 жылы біз «Жолақ бойынша жүру» санатына қатыстық. Бұл біздің халықаралық жарыстардағы дебютіміз болды. Біздің Қырғызстанда мұндай фестиваль жоқ. Біздің балалар жігерленіп, шеберліктерін арттырды. Әрине, мұндай байқауларға қатысу дамуға мүмкіндік береді. Қарағандыда фестиваль жоғары деңгейде өткізіледі. Балалар керемет тәжірибе мен үлкен эмоция, таңғажайып әсер алды, – деп атап өтті Робототехника клубының оқытушысы Иван Пичуревич.

Өзбекстан да фестивальға бірінші рет қатысып отырған жоқ. Қарағандыда 2019 жылы болған. Бұл жолы алты команда келді және 6-16 жас аралығындағы 13 бала қатысты.

– Біз жеңіске қол жеткізу үшін келдік! – деді Ташкенттен келген делегация келген бетте.

Олар кегельринг жарысында алтын кубокты жеңіп алды. Сонымен қатар басқа санаттарда жүлделі орындарға ие болды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен, медальдармен, дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды. Жалпыкомандалық есепте Қарағанды облысы көш бастады. Екінші орынды Павлодар облысының құрамасы, үшінші орынды Батыс Қазақстан құрамасы иеленді.

Арман АБИЛҚАСЫМОВ

«QH»