Құрметті облыс тұрғындары, жерлестер!
Сіздерді күллі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Әр шаңыраққа шаттық пен бақыт, бірлік пен береке тілеймін! Баршаңызға Жаратқан Ием жар болсын!
Рамазан айы — жер бетіндегі Алланы бір деп мойындаған, иманның шарттарына шүбәсіз сенген адамзат баласының сағынып күтетін, бізге екі дүние бақытының есігін ашатын қасиетті Құран Кәрім аяттары түсе бастаған сондай бір мүбәрак ай.
Шындығында, ораза басқа негізгі ғибадаттарға қарағанда Алла Тағала алдында өзіндік ерекшелігімен дараланады. Себебі пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) біздерге баяндағандай, Алла Тағала: «Әрбір жақсылық оннан жеті жүз есеге дейін еселенеді. Ораза болса — Мен үшін, оның сауабын Өзім беремін», — деген.
Бұл айдың басты ерекшелігі — Алла Тағала исламның бес парызының бірі болған оразаны парыз етті. Екіншіден, адамзат баласын тура жолға бағыттайтын, ақиқат пен жалғанды, сауап пен күнә арасындағы парықты айқындап беретін қасиетті Құран осы айда түсірілді. Сондықтан бұл айда оқылған Құран аяттарының сауабы, атқарған ізгі ісамалдардың сауабы өзге айларға қарағанда еселеп артады.
Құран Кәрімнің «Зумар» сүресінің 10-аятында: «Сабыр қылушылар сауаптарын есепсіз алады», — деген. Ораза сабырлықтын жартысы болады, сауабы есептеуге келмейді.
Оразаның әрбір мүмінге міндетті құлшылық екенін Хақ Тағаланың: «Уа, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей, тақуалыққа жетулерің үшін ораза ұстау сендерге де парыз етілді» («Бақара» сүресі, 183-аят), — деген аяты білдіреді.
Ораза — күндіз тек ішіп-жеуден өзін шектеу деген сөз емес. Ораза — рухтың азығы, тәннің шипасы. Рамазан — жан мен тәнді рухани тазартатын, мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі. Ораза нағыз шынайы тақуалық пен сабырлыққа жетелейді.
Біздің халқымыз ежелден Рамазанды ерекше қастерлеп «он екі айдың сұлтаны» деп атаған. Берекесі мол айда жарапазан жырын айтып, оразаның келгенін қуанышпен жеткізіп, насихаттаған.
Қадірлі ағайын!
Алланың раһым айы — Рамазан құтты болсын! Қасиетті айда ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болғай! Алла Тағала отбасымызға амандық, жұмысымызға береке-бірлік нәсіп еткей! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, халқымыздың бірлігі нығайып, берекесі арта бергей! Тәуелсіздігіміз әрқашан баянды болғай! Әумин!
Өмірзақ қажы Бекқожа,
ҚМДБ Қарағанды облысының бас имамы