Құрметті кенші
Өңіріміздің тау-кен саласына айтарлықтай үлес қосқан құрметті кенші, техника ғылымдарының докторы Серғазы Баймұхаметовтың жеке құжаттар қорының ашылу салтанаты өтті. Шараға құрметті кеншілер, ғалымдар, шахта қызметкерлері мен танымал тұлғаның жақындары жиналды.
Техника ғылымдарының докторы, профессор Баймұхаметов Серғазы Қабиұлы – өңіріміздегі тау-кен жұмыстарына елеулі еңбек сіңірген, ғұмырын еліне қызмет етуге арнаған тұғырлы тұлға. Тірі кезінде қажырлы қайратымен көпшіліктің көзіне түсіп алған атақ, дәрежелері де аз емес. Оның қаншалықты өзін аямай әрі аянбай еңбек еткенін бірге иық тіресіп, қызметтес болған әріптес, достары айтып берді.
– Бұл кісінің істеген еңбегі, көмір өндірісі саласында жасаған еңбегі жеткілікті. Табиғаттың өзі Серғазы Қабиұлының басына жақсы қасиеттерді берген ғой. Ол кісі сол жақсы қасиеттерін елінің, халқының мүддесіне дұрыс қолдана білді. Көмір саласына, қауіпсіздік шараларына, шахтаға үлкен еңбек сіңірген азамат, – дейді әріптесі Нақып Қаппасов.
«Qarmet» АҚ департаменті Серғазы Баймұхаметовтың жеке құжаттар қорының салтанатты ашылуын өткізді. Шараға құрметті кеншілер, Қарағанды көмір бассейнінің ардагерлері, «Qarmet» АҚ Көмір департаментінің басшылары, шахталар мен кәсіпорындардың директорлары, көмір саласының дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдар, зауыт мамандары және танымал тұлғаның отбасы мен жақын туыстары келді.
– Бүгін біз көмір саласының ардагері, құрметті азаматымыз Серғазы Қабиұлының жеке құжаттар қорын ашып отырмыз. Осы сәтті пайдалана отырып, ол кісінің жұбайына, балаларына алғысымызды білдіреміз. Осындай құнды құжатты біздің архивке тапсырғандары үшін, – деді «Қарағанды облыстық мемлекеттік архив» КММ басшысы Ерлан Нелдібаев.
С.К.Баймұхаметов – Қазақстан Республикасы «D-6 қабаты бойынша дайындық жұмыстарын жүргізу кезінде газдинамикалық құбылыстардың алдын алу» патентінің авторы. Бұл өнертабыс Қарағанды көмір бассейнінде D-6 қабаты бойынша көмір мен газдың кенеттен шығарылуын болдырмауға көмектесті және оны енгізу бүгінде Қарағанды шахталарының осы қабат бойынша қауіпсіз әрі тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді. Жеке құжаттар қорының ашылуы Қарағанды қаласының құрылғанына 90 жыл толуына орай өткізілді.
Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,
«QH»