Құрметті Қарағандылықтар және қала қонақтары!

Сіздерді шын жүректен Қарағанды қаласының Туған күнімен құттықтаймыз. Қарағанды — ынтымақ пен бірліктің түпқазығы. Сарыарқаның төрінен орын алған қаламыз еліміздің ғылыми, мәдени және өнеркәсіптің орталығына айналды. Қарағандылықтар қаламыздың дамуы жолында толассыз еңбек етіп келеді.

Мемлекет басшысы 2022 жылды Балалар жылы деп жариялады. Осыған байланысты қаламызда өскелең ұрпақтың шығармашылық, зияткерлік әлеуетін, патриоттық және рухани- адамгершілік тәрбиесін дамытуға бағытталған бірқатар іс-шаралар өткізу жоспарлануда.

Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар — ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында жоғары экономикалық нәтижелерге қол жеткізіп, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартатынын атап өткен болатын. Алға қойған міндеттердің маңыздылығына қарай ортақ іске атсалысып, көздеген мақсаттарға бірге қол жеткізуге тырысуымыз қажет.

Сонымен қатар, биыл қоғамдық маңызы бар іс-шаралар, мерекелік мерейтойлық және атаулы күндерді атап өтеміз.

Олар Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің 30 жылдығы, Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығы, қазақтың көрнекті биі Қазыбек бидің 355 жылдығы, Ағыбай батырдың 220 жылдығы, атақты ақын, композитор Әсет Найманбайұлының 155 жылдығы, Қазақстанның халық жазушысы, Ғабиден Мұстафиннің 120 жылдығы, Әнші Күләш Байсейітованың 110 жылдығы, қазақтың ақыны Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы, ғалым, жазушы, Ақселеу Сейдімбектің 80 жылдығы, жерлесіміз Шолпан Жандарбекованың 100 жылдығы. Бұл маңызды кезеңдер бізді жігерлендіріп, қоғамымызды біріктіре түседі.

Өзінің адал еңбегі, кәсіпқойлығымен Қарағандының гүлденуіне өз үлесін қосып келе жатқан барлық ардагерлерге, қаланың құрметті азаматтарына ерекше алғыс білдіреміз.

Біздің басты құндылығымыз — Тәуелсіздік. Келісім мен Бірлігіміз жылдан жылға нығая берсін. Әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ тілейміз. Ел іргесі аман, келешегіміз кемел болсын! Қала күні құтты болсын!

Қарағанды қаласының әкімі Е. Бөлекпаев

Қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы Қ. Бексултанов