«Құрманғазының сиқырлы дыбыстары»

Республика күні қарсаңында Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті химия және химиялық технологиялар кафедрасы ғимаратында «Құрманғазының сиқырлы дыбыстары» атты кеш өтті. Шараға студенттер мен оқытушылар қатысты.

Кештің мақсаты – білім алушыларға Құрманғазы Сағырбайұлының өмірі мен шығармашылығы жайлы білім беру. Күй тыңдау және ән айту барысында білім алушылардың музыканы ести білу, есте сақтау, орындау қабілеттерін жетілдіру. Құрманғазы күйлерінің тәрбиелік мәні жайлы әңгімелей отырып ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу.

Домбыраның күмбірлеген қоңыр үнінен тарар құдіретті күй сазын жан-жүрегімен тебірене тыңдайтын, тылсым сырымен сезімі бітісе толқитын қазақтан асқан шабытты, қазақтан асқан рухты халық жоқтай көрінді.

Кеште Құрманғазы бабамыздың күйін шалқыта төгіп салып, бейнежазбалардан күйдің құдіретін ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп қалдырған абыз ата күйлерінің шығу тарихы туралы толық мағлұмат берілді. Кештің құрметті қонағы №6 орталықтандырылған М.Әуезов атындағы кітапхана филиалының меңгерушісі Ә.Н.Нұрман студенттерге Құрманғазының өмірі мен шығармашылығы, естеліктер мен ол туралы жазылған мақалалар туралы айтып берді.

Құрманғазының шығармалары – күй тілімен жазылған қазақ өмірінің шежіресі. Бірде-бір құдірет қазақтың кеудесінен дәл Құрманғазы күйлеріндей орын алған емес. Қазақстанның батысында да, шығысында да, оңтүстігі мен солтүстігінде де асып-төгіліп жатқан Құрманғазының аса бай қазынасы қай қазақтың болсын жүрегінің кілтін тауып, төрінен орын алады. Құрманғазы шығармалары, әлемге танымал музыкатанушылардың айтуы бойынша, өзінің құдіреттілігі, тереңдігі мен алуан мазмұндылығы жөнінен әлемнің әйгілі композиторлары Бахтың, Гайднның, Моцарттың, Бетховеннің және тағы басқалардың шығармаларынан еш кем емес. Бұл жөнінде Ахмет Жұбановтың зерттеулерінде, монографияларында жан-жақты көрсетілген.

Құрманғазы атамыздың күйлері – қазақ халқының мойнындағы тұмары, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу – парызымыз.

Кулия МУКАРХАН,

Мақпал ЖАҚСЫБАЕВА,

Ә.Сағынов атындағы ҚарТУ-дың

химия және химиялық технологиялар кафедрасының аға оқытушылары