Республика күнін Қарағанды облысы қалай атап өтеді?
Қарағанды облысында Республика күніне орай 300-ден астам түрлі қайырымдылық, мәдени-бұқаралық, спорттық шара жоспарланған. Тұрғындар үшін маңызды нысандар ашылады, кезекте тұрғандарға пәтер кілті тапсырылады. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен аппараттық кеңесте Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов айтып берді.
– 16-31 қазан аралығында кітапханаларда, мұражайларда, театрларда, концерт залдарында, мәдениет үйлерінде және ауылдық клубтарда мерекелік концерттер, спектакльдер көрсетілімдері, фестивальдар, конкурстар, кездесулер, ойын-сауық бағдарламалары, кітап көрмелері, балалар мен жастарға арналған патриоттық сабақтар өтеді. Облыстың ірі кәсіпорындары мен ұйымдарының ұжымдарында өндіріс озықтарын құрметтеу бойынша салтанатты рәсімдер өтеді, – деді Нұрлан Бикенов.
Приозерск, Ақтоғай, Бұқар жырау және Нұра аудандарында кезекте тұрған қырық отбасына пәтер кілті табысталады. Ақтоғай ауданында спорт және балалар алаңдары, Абай ауданында ДСК ашылады.
Облыс бойынша қайырымдылық акциялары ұйымдастырылады. Республика күнімен ардагерлерді, көпбалалы отбасыларды, халықтың әлеуметтік осал топтарын құттықтайды.
Сонымен қатар мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына біржолғы материалдық көмек төлеу жоспарланған. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекованың айтуынша, бұл көмекпен 42 720 адам қамтылады. Сондай-ақ, мерекелік шараларды өткізу үшін сыйлықтар мен азық-түлік себеттерін беру жоспарланған.
«Таза Қазақстан. Таза табиғат» және «Таза Қазақстан – Таза Аймақ» акциялары барысында аулалардың, көшелердің, саябақтардың, су айдындарының аумақтарын тазалау, ағаш егу ұйымдастырылады. Және де «Үздік аула» байқауы өтеді.
Қалалар мен аудандарда салтанатты жиындар өтеді.
Республика күні сағат 11:00-де қалалар мен аудандардың орталық алаңдарында еліміздің Әнұраны орындалып, мемлекеттік ту көтеріледі.
Облыс орталығында жоспарланған шаралар туралы Қарағанды әкімі Мейрам Кожухов баяндады.
– Республика күніне орай Сарыарқа көшесінің бойында «Алаш» аллеясы мен «Өлкетану» кітапханасы ашылады. 24 қазанда «Молодежный» МҮ-де концерттік бағдарлама өтеді, онда Қарағанды қаласының Құрметті азаматы атағы беріледі, – деді қала басшысы.
Қарағандылықтар мен қала қонақтары үшін Республика күніне бірнеше мерекелік концерттер мен конкурстар дайындалды. Атап айтсақ:
24 қазан, бейсенбі
11:00 – «Молодежный» МҮ (Пришахтинск) «Қыран елім – Қазақстаным!» концерті;
12:00 – Global City сауда-ойын-сауық орталығында Қазақстан тарихын білуге арналған байқау.
25 қазан, жұма
10:00 – «Алаш» аллеясының және «Өлкетану» кітапханасының ашылуы (Сарыарқа көшесі);
11:00 – Мемлекеттік Әнұран орындау мен Ту (ту тұғыры) көтеру рәсімі;
12:00 – Теміржолшылар МҮ-де (Сұрыптау) «Күн шуақты – Қазақстан!» концерті;
12:00 – Жаңа Майқұдық МҮ-де «Ұлы өлкем – Қазақстан!» концерті;
12:00 – «Молодежный» МҮ (Пришахтинск) «Шарқыра, самға, туған ел!» концерті.
Сонымен қатар барлық этнос өкілінің арасында «Шырақ» оқыту орталығы Жаңа Майқұдық МҮ-де «Өнерліге өріс кең» шығармашылық отбасылық байқауын ұйымдастырады.
Ten Qogam орталығы мүгедектігі бар адамдарға арналған «Менің елім» мерекелік шараларын өткізеді.
Аға буын өкілдері үшін Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы музыкалық кездесулер, спорттық ойындар мен поэтикалық кештер ұйымдастырады.
– Республика күнін мерекелеуге санаулы күндер қалды. Бұл еліміздің басты ұлттық мерекелерінің бірі. Әріптестер, сіздердің назарларыңызды барлық жоспарланған шараның орындалуы керектігіне аударамын, – деді аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»