Ресейден қашқанға Үкімет құшақ аша ма?

Ресейден үдере қашқан елдің бір бөлігі Қазақстан аумағына кіріп үлгерді. Кезегін күтіп шекарада тұрғаны тағы бар. Бүгінге дейін елге қанша ресейлік кіріп үлгерді? Нақты цифрды ешкім бере алмай, бәлкім, бергісі келмей отыр. Бір анығы – көрші елдегі дүрбелеңнің салқыны біздегі тұрғын үй нарығындағы бағаның шарықтауына, қымбатшылықтың белең алуына алып келді. Ел Үкіметі қандай шешім қабылдайды? «Соғыстан қаштық» деген жұртты кері қайтара ма, әлде көмек қолын соза ма?

Дүйсенбі күні Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Ресейден келген мигранттар санының артуына байланысты кеңес өтті. Жиында елдегі құқық тәртібі мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды күшейту тапсырылды. Алдағы уақытта арнайы жедел желі іске қосылмақ. Яғни пәтер иесі «үйімді ресейліктерге қымбатқа беремін, сендер шыға қойыңдар» деп келісімді бұзса, зардап шеккен Қазақстан азаматы хабарласып, құқықтық көмек ала алады. Ал ресейлік мигранттарды бақылауда ұстау, олардың жұмысқа тұрып, баспанаға орналасуы да қатаң бақылауда болмақ. Дей тұрғанмен Үкімет басшысының Ресейден қашқан жұртқа қатысты айтқан сөзі әлеуметтік желіде әбігер туғызып, көпшілік контекстен алынған цитатаны таратып жіберген болатын. Осыған орай Әлихан Смайылов желідегі парақшасында түсініктеме берді.

«Кеше Үкіметтің көші-қон мәселелеріне қатысты өткізген жиналыстағы мәліметтерге байланысты қоғамда дұрыс түсінбей жатқандар бар. Осыған орай айтайын дегенім – шетел азаматтарына қызмет заң аясында ғана көрсетіледі. Біз халықаралық міндеттерімізді орындай отырып, өз еліміз бен халқымыздың мүддесінен жоғары құндылық жоқ екенін ұмытпауымыз қажет. Ең маңызды мәселенің бірі – құқықтық тәртіп пен қауіпсіздік. Сонымен бірге арендалық тұрғын үй бағаларының өсуінен өз азаматтарымыз қиын жағдайға тап болып отыр. Жауапты органдар тұрғын үй нарығындағы ахуалды тұрақтандыру бойынша тиісті шараларды қабылдау қажет. Оны біз кеше айттық.

Еңбекпен қамту бойынша ең алдымен қазақстандықтардың жай-күйі, жұмыс жағдайы – біз үшін приоритет. Барлық кәсіпорын мен мекемелер осыны естен шығармау керек.

Ал көршілес елден келген мигранттар белгіленген заңнама шеңберінде ғана еңбек ете алады. Жағдай күнделікті бақылауда», – деп жазды ел Премьері.

Хош делік, бұл мәселеге дәл қазір елдегі 19 миллион халықтың ешбірі бейжай қарап отырған жоқ. Көптің көкейінде алаңдау басым. Бір мезетте көрші елден миллиондаған мигранттың келуі ұлттық қауіпсіздік пен елдегі тыныштық мәселесін де күн тәртібіне алып шығары сөзсіз ғой. Дей тұрғанмен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жұмыс сапары барысында сырттан келген адамдарға көмек көрсетілетінін, бірақ жеңілдік берілмейтінін атап айтты.

– Жалпы, осындай күрделі жағдайда біз ең алдымен адамгершілік, сабырлық, ұйымшылдық танытуымыз керек. Бізде ешқандай дағдарыс жоқ, дүрбелең де жоқ. Үкімет өз жұмысын атқаруы керек. Сырттан келген адамдарға көмек көрсетіледі, бірақ жеңілдіктер берілмейді. Жұмыстың бәрі заң бойынша, келісімдер бойынша жүргізіледі, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты бұрынғыша көпбағытты және конструктивті болып қала беретінін де мәлімдеді.

– Осындай аса күрделі геосаяси жағдайда Қазақстанның сыртқы саясаты мемлекеттігімізді одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Біздің халықаралық аренадағы қызметіміздің басты мақсаты – Қазақстанның және халқымыздың мүддесі. Халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысының үстемдігі үшін күресеміз. Біз халықаралық қатынастарда әділеттілік, ішкі істерге араласпау, мемлекеттің егемендігі мен территориялық тұтастығын құрметтеу қағидаттарын нығайтуды аса маңызды деп санаймыз, – деген ел Президенті Ресеймен, Қытаймен, АҚШ-пен және көршілес елдердің барлығымен ынтымақтастық серіктестік орнатылғанын және арадағы қарым-қатынас тек сол бағытта ғана өрбитінін атап өтті.

Осы орайда көпшіліктің көкейінде «егер Ресей тарапы мобилизациядан қашқандарды қайтаруды сұраса, Қазақстан билігі қандай шара қолданады?» деген сауал туындары анық. Бұл мәселеге қатысты пікір білдірген Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың айтуынша, екі елдің арасында іздеуде жүрген қылмыскерлерді алмасу туралы келісім бар. Әйтсе де ол келісімде мобилизациядан қашқандар туралы сөз жоқ. Сәйкесінше Қазақстан билігі ел аумағындағы ресейліктерді депортациялаудан бас тартуға құқылы екен.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«QH»