РЕФЕРЕНДУМ — 2022: Жаңғыру мен жаңару жолы

Алдағы жексенбі ел тарихында елеулі оқиға — референдум өтеді. Осы тұста референдум не үшін керек, азаматтар неге қатысуы тиіс? Конституцияға нақты қандай түзетулер енгізіледі, жалпы халық үшін бұл толықтырулар не береді деген сауалдарға Қазақстан халық партиясының Қарағанды облысы бойынша филиалы басшысының орынбасары Баранов Анатолий Владимирович «Фемида» заң колледжінде өткен кездесуде жауап берді.

Анатолий Барановтың айтуынша, жалпы 33 бапқа 56 толықтыру енгізу жоспарлануда. Конституцияда «суперпрезиденттік» басқару үлгісінен ықпалды Парламенті және есеп беретін Үкіметі бар президенттік республикаға түбегейлі көшу, мәслихаттардың ықпалын арттыру, Мәжіліс пен облыстық мәслихат депутаттарын сайлаудың аралас мажоритарлы-пропорционалды моделін енгізу көзделіп отыр. Сонымен қоса Президенттің барлық саяси күш пен партиялардан дербестігін бекіту, Мемлекет басшысының жақын туыстарына саяси лауазым иеленуге және квазимемлекеттік секторда басшылық қызмет атқаруға тыйым салу секілді мәселелер қамтылған. Құқық қорғау саласы бойынша да маңызды өзгерістер енгізіледі. Атап айтсақ, Конституциялық сот құрылады. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, яғни омбудсменнің мәртебесі Ата заңмен айқындалады. Елімізде өлім жазасы мүлде жойылады.

Мемлекет басшысы мұның бәрі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін жасалып жатқанын, алдағы конституциялық реформа ел дамуының жаңа кезеңі басталғанын көрсететінін баса айтып өткен еді.

2022 жылдың 29 сәуірінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының отырысында сөйлеген сөзінде Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөнінде референдум өткізуді ұсынды. Мемлекет басшысы бүкілхалықтық дауыс беру арқылы Конституцияны өзгерту халықтың ерік білдіруінің жарқын көрінісі болатынын атап өткен еді.

5 маусымда өтетін референдумда ел тұрғындары бір ғана сұраққа жауап береді. Сайлаушылар аталған 33 баптың өзгеруін бірдей құптайды немесе құптамайды. Өзгеріске ұшырағалы тұрған баптар жеке жазылмайды.

— Барлық түзету бір-бірімен байланысты. Аралас. Бір түзетудің екінші түзетумен қарым-қатынасы зор. Сондықтан бір түзетуді қабылдай отырып, екінші түзетуді қабылдамаса, бүкіл осы саяси реформаның өтуі ертең қиынға түсуі мүмкін. Не біз осы жобаны тұтастай қабылдаймыз, не мұны қазір қабылдауға дайын емес екеніміз туралы шешім қабылдаймыз, — деп түсіндірген еді әділет вице-министрі Алма Мұқанова.

Қазақстан халқы 5 маусымда Ата заңға 56 түзету енгізуге дауыс береді. Жаңа ереже бойынша, Парламент Мәжілісінде 98 депутат болады. Олар аралас жүйе бойынша сайланады: депутаттардың бір бөлігі партиялық тізім арқылы, екінші бөлігі кандидатты халықтың тікелей сайлауы арқылы сайланады. Ал жүктелген міндетін дұрыс атқармаған халық қалаулысынан сайлаушылар мандатын қайтарып алуға құқылы. Бірақ ол үшін белсенді топ құрылып, қол жинауы тиіс. Бұл түзету әлі қарастырылып жатыр.

Сонымен қатар республикалық маңызы бар қалалардың және астана әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту көзделіп отыр. Облыс, қала, аудан, ауыл мәслихаты мүшелері қолдамаса, әкім өңірді басқара алмайды. Президенттің өкілеттігіне қатысты шектеулер де дауысқа салынады.

Экс-президенттердің Конституциялық кеңесте болу құқығын да алып тастау қарастырылған. Енді бірде-бір президент өз лауазымын аяқтағаннан кейін Конституциялық кеңеске немесе Конституциялық сот қатарына кіруге мүмкіндігі болмайды. Жерді, оның қойнауын, суды, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін, басқа да табиғи ресурстарды халық меншігі деп жариялау. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА, «QH»