«Құралай салқыны» ұмытылды ма?
Қазақ ұғымында «құралайдың салқыны» деген сөз бар. Бүгінгі күні оның сирек қолданылып, ұғымы да көмескеленіп бара жатқаны – шындық. Ауыл халқы білсе де, қазіргі жастар мен қалалықтар бұл ұғымды ұмытып бара жатыр. Өткенде дәл осындай көріністің куәсі болғасын қолыма қалам алдым.
Емханада кезегімді күтіп отыр едім, қасымдағы ұзын орындыққа екі қыз келіп отырды. Өздері жұқа, бүгінгі ауа райына сай киінбеген екен. Тоңғандары білініп тұр.
– Биыл жаз болмай ма, тоңып қалдым, – деді біреуі.
– Құралай келді дейді. Ол кім өзі? – деп екіншісі қостай кетті.
Қарап отырғанша деп қос бойжеткенге «құралай салқыны» туралы қысқаша айтып түсіндіріп отыр едім, кезегім келіп, дәрігер қабылдауына кіріп кеттім. Шықсам, қыздар кетіп қалыпты.
Қыс аяқталып, күн жылыған кезде, көктемде ауа райының қайта суытатыны бар. Бұл кезең «құралайдың салқыны» деп аталады.
Құралай – киіктің лағы. Құралайдың салқыны – еліміздің орталық және солтүстік аумағында шамамен 20 мамырда басталады, кей жылы 2-3 күн ерте басталып, он шақты күнге созылады. Адамға да, малға да жайсыз қара суық түсіп, ызғырық жел соғады, кей жерде қар да жауады. Бұл кезде киіктер төлдеп, құралайдың кіндігі түседі. Киіктер төлдер кезде желге қарсы жүгіріп, содан төлдеуге қабілетті болады екен. Бұған қатты соққан жел жәрдемдеседі. Даланы кезген барлық киік осы екі-үш күнде төлдеп үлгереді. Енесі жанында болмаған кезде, құралай қозғалмай жата береді. Аналық киік – кез келген құралайды емізіп, бауырына басатын мейірімді хайуан. Құралайдың далада жетім қалмайтыны осыдан екен.
Жаңа туған лақ желге қарсы жүгіріп тынысын ашып, тез аяқтанып кетеді. Киіктер сағатына 60 шақырым жылдамдықпен жүгіреді. Жаңа туған лақ екі сағатта аяқтанып, екі күнде енесіне ере алады. Киік төлдеген кезде, дала жыртқышының тәбеті қашып, етке жақындай алмайды екен. Құралай аяғына тұрып, енесіне еріп жүре алатын шақта ғана жыртқыш аңдардың етке деген тәбеті қайта оралады. Киіктің төлі аптап ыстыққа шыдамайды екен, сол үшін Алла Тағаланың мейірімімен жылда мамыр айының аяғына қарай қатты суық жел тұрады.
Сәкен Сәбиденұлы Келдібаев,
зейнеткер