Радиологиялық онколог мамандары тапшы

Осы айдың соңына дейін онкологиялық көмекті жетілдірудің алдағы үш жылға арналған кешенді жоспары әзірленеді. Себебі өткен 9 айдың қорытындысы бойынша қатерлі ісікпен аурыратындар саны 4,6 процентке артқан. Денсаулық сақтау министрлігі қатерлі аурумен күресудің бір бағыты ретінде радиологиялық және зертханалық-диагностикалық жабдықтарды жаңғыртуға көңіл бөлмек. Ал, жаңа құрал-жабдықтар алынғанымен, оны басқарып, пайдалана алатын мамандар тапшы. Қарағанды медицина университеті аталған мамандарды дайындап шығуға әзір.

Қарағанды облысында жыл сайын 3,5 мың адамнан қатерлі ісік анықталады. Оларды емдеуге арналған 250 орындық аурухана бар. Онкологиялық диспансер – өмір мен өлім түйіскен жер. Сондықтан  аурасы ауыр. Салдарынан қарапайым адам түгілі дәрігерлер де бұл бағытты таңдауға құмар емес. Ал Әріпбек Алтынбек болса өзін осы бағытта сынап көргісі келеді.

«Қарағандыда басқа өңірлермен салыстырғанда мемлекеттік грант жоғары. Сондықтан мүмкіндік болды, тапсырып көрдік енді грантпен осында оқып жатырмыз. Мен өзім бакалавр оқып жүргенде осы онкологияға қызығушылық арта бастады. Себебі жас мамандық, тез өте қарқынды дамуда», – дейді ол. 

Қарқынды дамитын жөні бар, себебі онкология аурулары да жасарып келеді. Жолына тосқауыл болу үшін замануи құрал-жабдықтар керек. Жабдық алынар, бірақ оны меңгерген маман тапшы. Мысалы Қарағанды медициналық университетінде жыл сайын 20-ға жуық онкологиялық маман қолына диплом алады. Бұл жалпы сұранысты қанағаттандырады. Бірақ, радиоонкология мамандығында оқып жатқан 2-ақ резидент бар. Оның себебі мемлекеттік таппсырыстың, гранттың жоқтығында дейді ҚМУ онкология және сәулелік диагностика кафедрасының профессоры Ахат Бөкенов. Маман «Ол маман өте қажет, өйткені аурулар саны көбейіп жатыр, көбісі 65-70 пайызды сәуле тоғымен емделеді. Себебі көбі кеш келеді, диагноз кеш қойылады», – деп қосты. Ал, дәл осы кафедраның меңгерушісі Найля Қабылдина болса «Радиациялық онкология – бұл аса жоғары біліктілікті қажет ететін еңбек. Мұнда аса қауіпті сәулелермен жұмыс істейсің. Сондықтан мұқият болу керек. Биыл негізі 4-5 резидентті осы мамандық бойынша оқытамыз деп жоспарлаған едік. Бірақ, тек екеуін оқытып жатырмыз. Қазір бұл мәселелер әлі де шешіліп жатыр. Жаңа құрал-жабдықтар келсе оны үйренгісі келетіндер де көп болар еді» – деп отыр.

Келер жылы облыстық онкологиялық диспансерге 3 бірдей сәулемен емдейтін жаңа құрылғы алынады. Ол науқастарды сауықтыруға оң әсерін тигізуі тиіс. Ал, қазір осында тұрған гамматерапиялық жабдықтың өзі 2005-ші жылғы. Моральдық тұрғыда ескірген. Қысқасы қатерлі ісікті емдеуге ең жақсы құрылғымен білімді кадрлар қашанда қажет болады. Оған дәлел 9 айда  ауру көрсеткіші 4,6%-ке өскенімен, өлім-жітім жағдайы 8,5%-ға төмендеген.

Жалпы, аурушаңдық құрылымында жетекші орында сүт безі мен өкпе обыры содан кейін  тоқ ішек обыры, артынша асқазан, жатыр мойны обыры тұр. Ал, өлім-жітім құрылымында жетекші орында: өкпе обыры мен асқазан обыры көш бастайды. Себебі сүт безі ісігі көп жағдайда емге көнеді. Барлығы ерте бастан диагностикалауға байланысты.

Аталған мәселелер жақында ғана денсаулық сақтау министрлігінде де талқыланып, онда Тұжырымдама профилактиканы жетілдіруге, радиологиялық және зертханалық-диагностикалық жабдықтарды жаңғыртуға, цифрлық маммографтар, сәулелік аппараттар мен бейнеэндоскоптар паркін жаңартуға, аз инвазивті хирургияның заманауи аппараттарымен және операциялық-реанимациялық жабдықтармен жарақтандыруға, ісікке қарсы препараттардың спектрін кеңейтуге, жоғары мамандандырылған кадрларды даярлауға, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған орталықтарды салу және реконструкциялау мәселелеріне ден қойылған.

Үйлестіру кеңесінің қорытындысы бойынша министр ерте кезеңдерде қатерлі ісіктерді анықтауды күшейту, өңірлердегі ахуалдық орталықтардың «жасыл дәліз» мониторингі бойынша жұмысы жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.

Сондай-ақ, ағымдағы жылдың қараша айының соңына дейін халыққа онкологиялық көмекті жетілдірудің 2023-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарын әзірлеу тапсырылды.

Расул Мұхаммед

«QH»