Әр сарбаз – ел мақтанышы

Наурыз айының соңында «Астана» өңірлік қолбасшылығының ауқымды оқу-жаттығу іс-шаралары кезінде диверсанттарды дайындау арқылы әскери бөлім аумағына заңсыз кіруге жол берілмей, сондай-ақ бөгде және жарылғыш заттар алып жүру жұмыстарына арнайы тосқауыл қойылған болатын. Осы орайда сарбаздар қызметтік міндеті мен тапсырмаларды батыл іс-әрекетімен, табандылығымен, қайтпас қайсарлығымен орындай отырып, өзімен бірге үш оқу минасы бар оқу-диверсанттардың әскери бөлім аумағына енуіне жол бермеді.

«Астана» өңірлік қолбасшылығының аумағына заңсыз кіргісі келген қос азаматты 46298 әскери бөлімінің үш сарбазы құрықтады. Олар: қатардағы жауынгерлер Нұртуған Жақсылықов, Никита Казаков, Асхат Игенов. Бірінші диверсант кезекшілік бақылау-өткізу пунктіне келіп, кезекшінің көмекшісі міндетін атқарған қатардағы жауынгер Никита Казаковтың тергеуінен өте алмай қолға түссе, екінші диверсант бөлім аумағына қоршауларды заңсыз секіріп кірген. Нәтижесінде екінші заң бұзушы бақылау-өткізу пункті кезекшісінің көмекшісі, қатардағы жауынгер Нұртуған Жақсылықовтың тосқауыл болуымен құрықталады.

Нұртуған Жақсылықовқа сарбаз, патруль кезекшісі Асхат Игенов көмектесіп, міндетін адал атқарған жігіттердің ерліктері ескерілді. 46298 әскери бөлім командирінің 2024 жылғы наурыз айындағы №57 бұйрығымен тәуліктік кезекшілік өтеу кезінде қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін қатардағы әскер қатарына шақырылған Нұртуған Жақсылықов пен Никита Казаковқа кіші сержант әскери атағы берілді.

– «Астана» өңірлік қолбасшылығында қызмет атқарған жігіттер бір жыл бұрын ана мен әке құшағынан, туған өлке топырағынан алысқа ұзап көрмеген уыздай жастар еді, – дейді бөлім командирі.

Жетіле келе Отан алдындағы әскери борыш, абыройлы міндет оларды әскери өмірге жетелеп әкелді. Енді абыроймен, сән-салтанатымен үйлеріне қайтуына 20 күндей қалған. Берілген тәрбие мен антқа адалдық танытқан азаматтар ой бөлісті.

– Біз жүрген жерлерімізде әскери бөлімді, үстімізге киген киімді ұятқа қалдырмауға тырыстық. Өзімізден кейінгі сарбаздарға үлгі болуға тырыстық. Әр сарбаз ана мен әкеге қамқор, бауыр мен қарындасқа жанашыр болып, өмірде өз орындарын табуы тиіс. Бұл – Отанымызға жүктелген міндет. Оқу-жаттығу кезінде ерлік танытты деп отыр, бұл – ерлік емес. Әскери саладағы міндетіміз. Әр сарбаз қырағы болып, Отан алдындағы жауапкершілікті сезінсе болғаны, – деп атап өтті қатардағы жауынгер Нұртуған Жақсылықов.

Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ,«QH»