ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру мәселесі қаралды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов пен цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин баяндама жасады. С. Шәпкеновтың айтуынша, қазіргі таңда әлеуметтік-еңбек саласында барлығы 45 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Министрлік бұл қызметтерді халыққа неғұрлым ыңғайлы және заманауи талаптарға сай көрсету үшін оларды цифрландыру бойынша кешенді шаралар қабылдап жатыр. «Ең алдымен, қазіргі бизнес-процестерді талдау нәтижесінде мемлекеттік қызметтерді дамытуды тежеп жатқан бірқатар фактор, атап айтсақ зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау үшін қажетті ескі мәліметтердің болмауы, мобильді азаматтар базасында тіркеудің болмауы сияқты мәселелер анықталды. Осыған орай, біз реинжиниринг және мемлекеттік қызмет көрсету процестерін трансформациялау бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз», — деді ҚР ЕХӘҚМ басшысы. Барлығы 45 мемлекеттік қызметтің 42 түрі немесе 93 пайызы электрондық форматта көрсетіледі, оның ішінде 21 қызметті немесе 43 пайызын проактивті түрде алуға болады. 2021 жылы әлеуметтік-еңбек саласында барлығы 12,6 млн мемлекеттік қызмет көрсетілді, оның 9,1 млн-ы немесе 72 пайызы электрондық түрде көрсетілді. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 12 пайызға артық. Жалпы, 2025 жылға қарай барлық мемлекеттік қызметті 100 пайыз электронды форматқа көшіру жоспарланып отыр.