ҚР ОСК-ке президенттікке 12 кандидаттың құжаттары ұсынылды

Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман ҚР Президенттігіне үміткер болуға ниет танытқан неше адамның құжаты кері қайтарылғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кезектен тыс президент сайлауына 1 ай 10 күндей уақыт қалды. Кеше ҚР Президенттігіне кандидат ұсынуға берілген уақыт түгесілген болатын. Үміткер атанып үлгерген адамның саны – 12. Оның үшеуі әйел. Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет үш бірдей әйел кандидат президент сайлауына қатысуға ниет білдіріп отыр
Орталық сайлау комиссиясы үміткерлердің талапқа сәйкестігін анықтау отырыстарын өткен аптаның демалыс күндері бастап кеткен болатын.
Әуелі қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың канидат ретінде талаптарға сәйкестігі туралы қаулы қабылданды. Орталық сайлау комиссиясы заң аясында құзыретті органдарға сұрау салу арқылы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тумысынан Қазақстан Республикасының азаматы екенін белгілеп, кейінгі 69 жыл бойы Қазақстанда тұрған деген мәліметті тіркеді. Ал мемлекеттік қызметтегі және сайланбалы мемлекеттік лауазымдардағы жұмыс тәжірибесі – 43 жыл 1 ай. Өзге кандидаттардан бір айырмашылығы, Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы ҚР Конституциялық Заңының 54-бабы 2-тармағы бойынша, қазіргі мемлекет басшысы ретінде мемлекеттік тілден емтихан тапсырудан босатылған.
Сонымен, 11 қазанға дейін кезектен тыс президент сайлауына 12 адамның канидудатурасы ұсынылып, оның бесеуін Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президенттігіне үміткерге қойылатын талаптардың бәріне сай деген қаулы қабылдады.
Қалған 7 үміткердің президенттікке канидидатурасы қаншалықты сәйкес екенін ОСК қарап жатыр.