ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрімен кездесу

Қарағанды облысына ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов келіп, өңір жұртшылығымен кездесті. Сапар барысында ол мәдениет саласындағы өзекті мәселелерді көтеріп, алдағы жоспарлармен бөлісті.

Кездесу кезінде вице-министр Қазақстан киноиндустриясының соңғы жылдардағы қарқынды дамуын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, алғаш рет отандық фильмдердің кассалық түсімі шетелдік кинолардың жинағынан асып түсті. Бұл – тәуелсіздік жылдарындағы маңызды жетістіктердің бірі ретінде бағаланды.

Сондай-ақ, тарихи-мәдени мұраны сақтау бағытында ел көлемінде кешенді жұмыстар атқарылып жатқаны айтылды. ЮНЕСКО аясында жаңа жоспар жасалып, архивтердегі деректер терең зерттеліп жатқан көрінеді.

– Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған кең ауқымды шаралар өткізілмек. Республикалық деңгейде 2 000-нан астам шара жоспарланып отыр. «Батырларға тағзым» атты портал арқылы Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақстандықтар туралы мәліметтерді іздеуге мүмкіндік бар, – деді Евгений Кочетов.

Аймақтың мәдени инфрақұрылымын дамыту жайы да назардан тыс қалмады. Былтыр бірнеше мәдениет мекемесі жөнделіп, екі жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілген. Биылғы жоспарға сәйкес, Көкпекті ауылында жаңа клубтың құрылысы басталып, Нұрадағы мәдениет үйі жөндеуден өтеді.

– 2025 жыл – бірқатар маңызды тарихи және мерейтойлық датамен есте қалмақ. Бұл жылы Конституцияның 30 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл, Абай, Шоқан, Міржақып сынды тұлғалардың мерейтойлары аталып өтеді. Барлық өңірдің қатысуымен 19-21 мамырда елордада республикалық мәдениет қызметкерлерінің форумы өтеді, – деп нақтылады вице-министр.

Кездесу соңында Евгений Кочетов жергілікті тұрғындарды жеке қабылдап, олардың сұрақтарына жауап берді. Кейін БАҚ өкілдерімен өткен брифингте журналистер өзекті сауалдарын қойып, министрліктің алдағы жоспарларымен танысты.

Ералы ҒАНИ,

«QH»