ҚР ИИДМ: «Кешенді мақсатты бағдарлама» аясындағы жұмыстар толығымен аяқталды

Қазақстанда жол жабынын жақсарту және Республикалық маңызы бар жолдарда қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі кешенді мақсатты бағдарламаны іске асыру аяқталды.


Ел жолдарының жамылғысын бұзылудан сақтап қалуға және республикалық маңызы бар жолдарда қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған Кешенді мақсатты бағдарлама аясында, «ҚазАвтоЖол» 551,5 мың шаршы метрге жуық жолдарда шұңқырларды жамап, 183 мың шаршы метрге жуық жолды тегістеп, 923 мың метрден астам жолда жарықтарды бітеу жұмыстарын жүзеге асырды. Сонымен қатар, 10 мыңнан астам жол белгісі, 590 ақпараттық панно, 17 дана жарықдиодты жол белгісі және көпірлердегі қоршаулардың 433 пагонды метрі орнатылып, ауыстырылды.
Сондай-ақ, 191 көлік павильоны мен демалыс алаңына жөндеу жүргізіліп, 2886 шаршы метрден астам жолға шу жолақтары орнатылды. Мамандар шақырымдық белгінің 2279 бірлігін, 24 мыңнан астам дабыл бағанасын және 29 мың данадан аса катафоттарды орнатқан.
Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған шаралар жол көлік оқиғаларының азаюына және жүргізушілердің зейін концентрациясының жоғарылауына жағымды әсер етуде. Мәселен, шу жолақтары таңдалған жолақтан шығып кету, немесе қауіпті учаскеге жақындау секілді жол жағдайларына назарды барынша арттырады. Ал жарықдиодты катафоттар мен жол белгілері түнгі уақытта жүргізушілерге жол бойында бағдар көрсетіп, ұйықтап қалмауына көмектеседі. Шұңқырларды жамау, жарықтарды бітеу және тегісеместіктерді жою сынды жұмыстар жолдарды сақтап қалуға септігін тигізеді.