Әр дауыс маңызды

Елімізде жыл басынан бері көптеген саяси жаңғыртулар мен реформалар жүзеге асты. Ең маңыздысы конституциялық реформа болғаны анық. Сонау 1995 жылдан кейін екінші рет жалпыхалықтық референдум өткізу арқылы Ата заңымызды қайта қабылдадық. Демократиялық құндылықтарға жол ашатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Мұнан басқа да қоғам өмірін түбегейлі жаңғыртуға бағытталған жаңа бастамалар енгізілуде. Десек те бұлардың түйіні 20 қарашада өтетін президент сайлауы болмақ.

Рас, тәуелсіздік алған сәттен бергі тарихты саралап көрсек, ұтылғанымыздан ұтқанымыз көп. Дәл қазіргі жалпы әлемдегі геосаяси тұрақсыздық кезеңінде де ТМД аумағында ешбір елмен шекара дауы жоқ, араздығы жоқ жалғыз ел – Қазақстан. Мұны да елдің сыртқы саясаттағы жемісті еңбегі деп анық айта аламыз. Әйтсе де ішкі саясат мәселесінде бірқатар кемшілікке жол беріп алғанымыз да жасырын емес. «Тұрақтылық» деп ұрандап жүріп қоғамдық дамудың көптеген саласында тұралап қалдық. Бұл кемшіліктердің кесірі жыл басында Қаңтар қырғыны болып көрініс тапты. Ел тұрғындарын саяси мәселелерге мейлінше аз араластыру, қарапайым көптің пікірімен санаспаудың салдары осындай ауыртпалыққа алып келген-ді. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстан халқына арнаған Жолдауында анық айтты. Сондықтан елде жүргізілген саяси өзгерістерді бекітіп, халықтың сенім мандатын иелену үшін кезектен тыс президент сайлауын өткізу қажеттілігін ұсынды. Әрі бұл сайлаудың бір ерекшелігі – енді Қазақстан президенті тек бір мерзімге ғана сайланады. Межелі 7 жылын өткізген соң қайта сайлауға түсу құқығынан айырылады. Құптарлық шешім. Жеті жыл дегеніміз – сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыруға жеткілікті уақыт.

Бұл жолғы саяси науқанда негізгі күш халыққа түспек. Ел азаматтарының белсенділігі мемлекеттің жаңғыруына серпін бермек. Сондықтан қазақстандықтардың сайлауға бір адамдай қатысып өз таңдауларын жасағаны жөн. Әр адамның даусы маңызды. Өйткені Қазақстанды өзгертуге елдегі әр адам өз үлесін қосуы тиіс.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ