ҚР Қарулы Күштерінің бітімгершілік контингентін БҰҰ миссияларына жіберу туралы ұсыныс енгізілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламентке ҚР Қарулы Күштерінің бітімгершілік контингентін БҰҰ миссияларына жіберу туралы ұсыныс енгізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Конституцияның 53-бабының 5-тармақшасына сәйкес, Президент ұсынысы бойынша Парламент палаталарының бірлескен отырысында халықаралық міндеттемелерді орындау үшін республиканың Қарулы Күштерін пайдалану туралы шешім қабылдайды.

Осыған байланысты, ҚР Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Мемлекет басшысының ұсынысын оқып берді. «Қазіргі уақытқа дейін Қарулы Күштердің әскери қызметшілері Парламент қаулыларына сәйкес, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін БҰҰ бітімгершгілік миссияларына жіберіліп отырды. 2014 жылдан бастап 45 офицер Батыс Сахарада, Кот-д’Ивуа́рда, Ливандағы миссияға әскери байқаушы және штаб-офицері ретінде, 2018 жылдан бастап – 520 әскери қызметші бітімгершілік бөлімше құрамында Ливандағы уақытша күштер миссиясына қатысты.

Қазір Батыс Сахарада – 6, Ливандағы уақытша күштерде – 9 әскери қызметші жүр», — деп жазылған Президент ұсынымында. Оның айтуынша, ұйым басшылығы біздің әскерилердің даярлық деңгейін жоғары бағалап, бітімгерлер санын арттыруға қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Контингентті бітімгершілік операциясына жіберіп, жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосу Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі мен рөлін арттыруға ықпал етеді.