«Qaisar» әскери-патриоттық ойындары
Қарағанды облысындағы Спасск оқу-жаттығу орталығында жастардың жігерін шыңдап, отансүйгіш рухын көтеруге бағытталған «Qaisar» әскери-патриоттық ойындары өтті. Отан қорғаушы күні мен Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған ауқымды шараға 300-ден астам жас қатысты. «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты қолға алған бұл бастама — ел қорғаны болуға дайын ұрпақты тәрбиелеудің нақты көрінісі. Қатысушылар тактикалық дайындық, төтенше жағдай кезіндегі әрекет, әскери жарыстар сынды бірнеше кезең бойынша сынға түсіп, командалық рух пен жауапкершілікті бойларына сіңіруде.
Ел жастарын отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында дәстүрге айналған «Qaisar» әскери-патриоттық ойындары жыл сайын тұрақты түрде ұйымдастырылады. Биылғы шараның ашылу салтанаты кең ауқымда өтті. Оған «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Парламент депутаттары, Қорғаныс министрлігі мен «Астана» өңірлік қолбасшылығының басшылығы, қарулы күштер ардагерлері, қоғамдық ұйымдар мен белсенді азаматтар қатысты. Бұл бастама жас буынның әскери дайындыққа, жауапкершілікке және патриоттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыруды көздейді.
— Президент айтқандай, біз ұрпағымызға дамыған әрі мықты мемлекет қалдыруымыз керек. Ол үшін жастарды дұрыс тәрбиелеу қажет. Бұл істе әскер ерекше рөл атқарады. Бүгінде Қазақстанның Қарулы Күштері тек әскери дайындықпен шектелмейді. Кез келген төтенше жағдай мен табиғи апат орын алса, әскеріміз бірінші болып көмек қолын созады. Бұл – Отан алдындағы парыз бен халық алдындағы жауапкершіліктің шынайы көрінісі. Сіздердің бойларыңызда да осындай қайсар рух пен отаншылдықтың бар екеніне кәміл сенемін, -деді «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов.
Екі күнге созылған «Qaisar» әскери-патриоттық ойындары жастардың жігерін жанып, отансүйгіш рухын оятты. Қазақстанның әр өңірінен жиналған қатысушылар түрлі кезеңдерден өтіп, өз шеберліктерін сынға салды. Бағдарлама аясында оқ ату, әскери эстафета, автоматты шашып-жинау, зияткерлік сайыстар мен тактикалық тапсырмалар ұйымдастырылды. Жастар тек физикалық дайындықтарын ғана емес, сонымен қатар ойлау қабілетін, төзімділігін және командалық рухын да дәлелдеді. Бұл ойындар олардың жеңіске деген ерік-жігерін нығайтып, болашаққа сеніммен қарауға серпін берді. «Астана» өңірлік қолбасшылығына қарасты «Спасск» оқу-жаттығу орталығының аумағында Жеңістің 80 жылдығына арналған көрме ұйымдастырылды. Бұл қадам майдангерлердің ерен ерлігін жастар қауымының есіне салып, ұрпақ сабақтастығының тағы бір маңызды символына айналды.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»