Пробация есебіндегі азаматтарға қолдау көрсетілді

Қарағандыдағы Отбасына көмек көрсету орталығында өмірдің күрделі кезеңін бастан кешкен, пробация қызметінде тіркеуде тұрған азаматтарға жан-жақты көмек көрсетілді. Мамандар олардың құжаттарын қалпына келтіріп, тұрақты жұмыс табуына ықпал етті. Бұл – қайта қалыпты өмірге оралуға жасалған маңызды қадамдардың бірі.

  Әр адамның өмірінде тығырыққа тіреліп, қолдауға мұқтаж сәттер болады. Осындай қиын кезеңде жәрдем қолын созатын, жаңа мүмкіндік сыйлайтын орталықтар – қоғамның нағыз тірегі. Сергей Коваль өткен жылы осындай өмірлік қиын жағдайға тап болғанда, Қарағандыдағы өмірлік қиын жағдайдағы азаматтарға көмек көрсететін орталыққа жүгінді. Мұнда оған тек әлеуметтік көмек көрсетіліп қана қойған жоқ, сонымен қатар мансап орталығы арқылы жұмысқа орналасуға мүмкіндік берілді. Жаңа жұмыс, тұрақты табыс пен өмірге деген сенім – бәрі де осы қолдаудың нәтижесінде мүмкін болды. Сергей бүгінде өз өмірін жаңа арнаға бұрғанын мақтанышпен айтып, орталық қызметкерлеріне шынайы алғысын білдіруде. Оның айтуынша, бұл жер тек көмек беретін орын ғана емес, адамға жаңа үміт сыйлайтын, қайта тұруға жігер беретін рухани тірек.

– Мен өткен жылы қиын жағдайда душар болып, осы орталыққа келдім. Мені киіндіріп, тамақтандырып, құжаттарымды ретке келтіріп, барлық көмегін ұсынды. Психологиялық, құқықтық көмек алдым. Орталық қызметкерлеріне алғысым шексіз, – дейді қала тұрғыны Сергей Коваль.

– Аталмыш орталық жұмысы азаматтардың қоғамға бейімделуіне сеп болып, қайта қылмыс жасамауына ықпал етеді. Сүрінгенге сүйеу болу – міндетіміз, – дейді мамандар.

– Орталықтың негізгі міндеті – отбасы мүшелеріне комплексті түрде заңгерлік, психологиялық, әлеуметтік бағыттағы көмек көрсету. Отбасындағы зорлық-зомбылықты профилактикалау, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстардың алдын алу, істің мән-жайын зерттеу барысында қылмыс құрбандарына психотравма тудырмайтын жағдайды қамтамасыз ету, – дейді Қарағанды облысы ПД бөлім бастығы Гүлбану Алпысбаева.

Отбасына көмек көрсету орталығы 2023 жылы ашылды. 2 000-нан астам адамға көмек көрсетілген. Полиция органдарына отбасылық жанжал, қылмысқа қатысты хабарламалар келіп түседі. Жәбірленушілерге құқықтық,  әлеуметтік, психологиялық көмек көрсетіледі. Орталық бір терезе қағидаты бойынша жұмыс істейді. Мұнда полициядан, заңгерлерден, психологтан, сот орындаушысынан, теологтан және еріктілерден көмек алуға болады. Сондай-ақ, медиатор, дағдарыс орталықтарының өкілдері бар.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»