Президенттікке кандидаттардың теледебаты қашан өтеді
Қазақстан Президенттігіне кандидаттардың теледебаты 11 қарашада «Хабар» телеарнасында өтеді. Бұл туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«11 қарашада біз «Хабар» телеарнасында Президенттікке кандидаттардың қатысуымен телевизиялық дебат өткізуді жоспарлап отырмыз. Кандидаттар мен олардың штабтарының толық дайындалу мүмкіндігі болуы үшін біз бұл туралы ертерек, сайлауалды үгіт-насихат басталған сәтте жариялап отырмыз», — деді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.
Сонымен бірге, ОСК мүшесі Анастасия Щегорцова түсіндіргендей, Президенттікке кандидаттар сайлау алдындағы пікірталастарға қатысуға құқылы.
«Сайлауалды пікірталастарды өткізу тәртібі мен шарттарын Орталық сайлау комиссиясы айқындайды», — деді ОСК мүшесі.
Айта кетейік, бүгін сағат 18:00-де Президенттікке үміткерлердің сайлауалды үгіт-насихат науқаны басталды.