Президенттік кадр резервіне іріктеу басталды

Қоғамның қозғаушы күші – жастар. Мемлекеттік басқару жүйесін жаңартуға бағытталған тың бастама – Президенттік жастар кадр резерві осы ойды нақты әрекетпен дәлелдеп келеді. Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2019 жылдан бері жүзеге асып жатыр. Басты мақсат – заманауи көзқарасы бар, кәсіби қабілеті жоғары жастарды ел басқару ісіне тарту.

Осы уақытқа дейін үш іріктеу кезеңі өтті. 2019, 2021 және 2023 жылдары өткен науқандарға 60 мыңнан астам азамат қатысуға ниет білдіріп, 400 үміткер резервке алынды. Олардың 80 пайызы бүгінде мемлекеттік органдар мен түрлі ұйымдарда табысты қызмет етіп жүр.

Биыл төртінші іріктеу өтпек. Бұл жолғы ерекшелік – салалық бағыттар бойынша пропорционалды іріктеу енгізіледі. Яғни әр салаға белгіленген квотаға сәйкес ең лайықты кандидаттар таңдалады. Іріктеу кезеңдері мен талаптар бұрынғыдай қалады: жасы 35-тен аспауы керек, жоғары білім, кемі 5 жыл еңбек өтілі болуы тиіс және қазақ тілін В1 деңгейінен төмен емес дәрежеде меңгеруі міндетті.

Іріктеу алты кезеңнен тұрады. 1 маусымнан бастап құжат қабылдау басталады. Одан кейінгі кезеңдерде үміткерлер тест тапсырып, ситуациялық эссе жазады, құзыреттілік бойынша бағалаудан өтеді. Финалдық кезеңде – сарапшылық комиссия мен Ұлттық комиссияның шешімімен үздік 50 кандидат резервке қабылданады.

– Президенттік жастар кадр резерві – мемлекет пен жас буын арасындағы сенімді көпір. Бұл бастама арқылы біз кәсіби білікті, заманауи талаптарға сай келетін жас мамандарды мемлекеттік қызметке тартуға мүмкіндік алып отырмыз. Жүйе – ашық, әділ және баршаға бірдей. Бастысы – әрбір жас өз қабілетін көрсетуге дайын болуы керек, – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Жандос Сәрсен.

Президенттік жастар кадр резерві – тек іріктеу емес, болашақ көшбасшыларды тәрбиелеудің тетігі. Бұл – еліміздің ертеңін сеніп тапсыруға болатын, білімі мен білігі үйлескен жастардың алаңы. Ал сол алаңда өз орнын табу – әр жас қазақстандықтың қолында.

Ералы ҒАНИ,

«QH»