ПРЕЗИДЕНТКЕ ЖОЛ САПАСЫ ҮШІН ШАҒЫМДАНДЫ

Жыл сайынғы жөндеу жұмыстарына қарамастан, әлі де айқыш-ойқыш асфальт қабаттарының азабын тартып келеміз. «Қазынаның есебінен жыл сайын қыруар қаражат жұмсалады. Бірақ, нәтижеге келгенде «айдағаның бес ешкі, ысқырығың жер жарадының» кері. Салынған жолдардың сапасы сын көтермейді» деген пікірлер де аз емес. Олар орынды-ақ. Кім болса да, алысты жақындатып, адамды діттеген жеріне тез жеткізетін тақтайдай түзу жолдардың болғанын қалайды ғой. Құр қиялдап қоймай, шағымын тікелей Президентке жолдаған қарағандылық – Аңсар Абильдин.

«Құрметті, Қасым-Жомарт Кемелұлы, сізге, еліміздің басшысына автомобиль жолдарының құрылысы мен жөндеу сапасы бойынша жазып отырмын» деп басталатын хаттың авторы – негізінен, геолог-маман. Тағдырдың жазмышымен екінші мыңжылдықтан бастап жол құрылысымен айналысқан Аңсар Қабдешұлы өз ісіне мүлдем көңілі толмайтындығын айтады.

  • Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жол қауіпсіздігі бойынша 52 мемлекетте жүргізген зерттеуіне сүйенсек, Қазақстан жол апатынан қаза табу көрсеткіші бойынша бірінші орында тұр. Жол сапасының төмендігі – елдегі адам өлімінің ең басты себептерінің біріне айналып отыр. Ал, Қарағанды елімізде жол апаты көп болатын 5 қаланың қатарында. Біздің басты проблемамыз – жол құрылысы жобаларына жасалатын сапасыз сараптама. Қарағандыдағы құрылыс алаңдарына толыққанды зерттеулер де жүргізілмейді. Бұл мәселе төңірегінде арнайы мамандар мен қала әкімдігімен дөңгелек үстел өткізгім келген. Бірақ, шынымды айтсам, басшылықтың «қарастыруынан» жалықтым. Сол себепті, шағымымды Президенттің өзіне жолдағанды құп көрдім, — дейді «КазахДорСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестің жол құрылысы лаборатрориясының басшысы.

Аңсар Абильдин құрылыс материалдарының сапасы төмендігін де тілге тиек етті.  «Ал, тендерлер мен конкурстардың өткізілу тәртібі – бөлек әңгіме» дейді ол.

  • Мамандардың айтуынша, автожолдардың даму қарқыны экономикалық өсу серпініне сәйкес болуы тиіс. Бұл заңдылық әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан емес. 2020 жылғы автомобиль жолдарының сапасы бойынша рейтингте Қазақстан 141 елдің ішінде 93-ші орынға орналасыпты. Еліміз жыл сайын жол апаттары салдарынан 9 миллиард долларға шығынданады. Оның себебі – біздің қаламыз секілді аймақтардағы жол жөндеу мен құрылыс сапасының мемлекеттік стандарттарға сай болмауы. Осы орайда шаһарымыздағы ғылыми институттар да жол құрылысына белсене ат салысса екен деймін. Әрине, бәрін түзету көп күш пен тиянақты жұмысты талап етеді. Бұл шиеленіскен жағдайды жүйелі түрде реттеуге идеялар жетеді. Тек ел басшысынан осы мәселені жіті қадағалауын сұраймын, — деп түйіндеді сөзін.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА,
«QH»