ПРЕЗИДЕНТ ҮНДЕУІ: Cайлау өтер күн белгіленді

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жасады. Биылғы жылдың еліміз үшін жан-жақты референдумдар мен саяси өзгерістерге толы болғанын атап өткен Президент саяси жүйедегі жаңғыртулардың жалғасатынын айтты.

Үндеуге дейін Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын 2022 жылдың 20 қарашасында өткізу туралы Жарлыққа қолға қойған болатын. Осыған орай Қасым-Жомарт Тоқаев өз үндеуінде елдегі Президент сайлауының барынша әділ өтетініне кепілдік берді.

– Мемлекет басшысы ретінде сайлау науқаны қатаң түрде заңға сәйкес өтетініне кепілдік беремін. Оны отандық және шетелдік байқаушылардың қатысуымен әділ әрі ашық өткізетін боламыз. Барша азаматтарымызды жауапкершілігін сезініп, демократия, заң және тәртіп қағидаттарын берік ұстануға шақырамын. Еліміздің бірлігі мен тұтастығын көрсете білейік. Халқымыздың тағдыры, Қазақстанның болашағы әрқайсысымыздың қолымызда. Біз әділетті Қазақстанды бірге құрамыз! – деді Президент.

Бұдан бөлек Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына кезектен тыс президенттік сайлау ұйымдастыру мен өткізуді қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ ел Үкіметіне сайлауды ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету жөніндегі қажетті шаралар қабылдауға тапсырма берді.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«QH»