Президент челленджді қолдады

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан туына байланысты Нұрлан Қоянбаевтың желіде 2020 жылы 25 маусымда жарияланған челленджін қолдап пікір қалдырды.

Мемлекет басшысы тележүргізуші постына: «Көк туымыз мәңгі желбірей берсін!» – деп жазған.

Отандық продюсер Нұрлан Қоянбаев 2020 жылы 25 маусымда әлемдік рекорд орнату үшін Instagram парақшасында Қазақстан туының суретін жариялап, ерекше челленджді іске қосқан болатын. Ондағы мақсат – пікір жинаудан әлемдік рекорд орнату. Бүгінгі таңда Қазақстан туының суреті бар бұл жарияланым 13 млн 894 мың 392 пікір жинап үлгерген.

Нұрлан Қоянбаев желіде Президенттің қолдауына ризашылық білдіріп жауап жазды. «Достар, біздің жобамызды Президент қолдады! Біздің бастаған жобамыз – әлеуметтік желіде де бір ел, бір күш екеніміздің айғағы. Көк туымыз желбірей берсін! Президентімізге #respect!!!» – деп жазды ол желіде.

2022 жылы 3 маусымда Нұрлан Қоянбаев аталған челленджді ел азаматтарының есіне салып, қайта бөлісті.

Өз тілшімізден