«Полуторкаға» арналған ән
Қарағандылық ақын-сазгер Валерий Роголев алты жыл бұрын жазылған «Полуторка» әніне бейнебаян түсіріп, көпшілікке ұсынды. Аңызға айналған ГАЗ-АА жүк көлігіне арналған туынды алғаш әуенінен-ақ тыңдарманды сұрапыл соғыс жылдарына жетелейді.
Кеншілер мәдениет сарайының қызметкері Валерий Роголев үшін бұл шығарма шығармашылық жолындағы ерекше белеске айналған. Ән атауы халық арасында «полуторка» аталып кеткен, жүк көтергіштігі бір жарым тонна болатын әйгілі ГАЗ-АА көлігіне арналған. Дәл осы техника Ұлы Отан соғысы жылдарында, әсіресе қоршаудағы Ленинградқа азық-түлік пен адамдарды жеткізген «Өмір жолында» маңызды рөл атқарған.
– Бұл ән осыдан алты жыл бұрын Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай жазылған болатын. Арада уақыт өткен соң, биыл шығарманы кәсіби студияда жазып, бейнебаян түсірудің сәті түсті. Бұл – менің шығармашылығымдағы үлкен қуаныш, – дейді туынды авторы Валерий Роголев.
Автордың айтуынша, шығарманың экранға шығуына заманауи техникалық мүмкіндіктер мен достарының қолдауы үлкен сеп болған. Бейнебаян арнайы креативті орталықта түсіріліп, ән дыбыс жазу студиясында кәсіби деңгейде таспаланған. Валерий Роголев бұл жобада әрі ақын, әрі композитор ретінде еңбек етті.
Туындының негізгі мақсаты – майдан даласында ерлік көрсеткен жүргізушілердің еңбегін дәріптеу және тарихи жадыны жас ұрпаққа жеткізу.
– Бұл – мен үшін де, халқымыз үшін де қастерлі мереке. Біз батырларымызды ұлықтап, тарихты кейінгі ұрпаққа аманат етуіміз керек. Сондықтан бұл әнді мектеп сахналарында орындауға рұқсат бердім. Балалар шығарманы шын жүрекпен айтса, мен үшін одан асқан қуаныш жоқ, – дейді Валерий Роголев.
Бүгінде «Полуторка» әні көрермен тарапынан жылы қабылданып, заманауи әскери-патриоттық әндердің қатарынан орын алды. Қазіргі уақытта туынды Жеңіс күні мен Ұлы Отан соғысына арналған мерекелік концерттердің бағдарламасына енгізіліп жатыр.
Музыкалық шығарма өзінің әсерлі мәтінімен, терең эмоциялық қуатымен және майдандағы жүргізушілерге деген құрметімен ерекшеленеді. Автордың айтуынша, бұл ән – тек көлік туралы емес, соғыс жылдарындағы жанқиярлық пен адам рухының беріктігі туралы туынды.
Бекасыл Ерасыл
«QH»

