ПОЛИЦЕЙЛЕРГЕ ҚЫЗМЕТТІК КӨЛІК КІЛТІ ТАБЫСТАЛДЫ
Полиция қызметі – жауапкершілігі мол әрі адам өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін қауіпті мамандық. Қоғамның қауіпсіздігі үшін тәулік бойы міндетіне мінсіз берілген полицейлердің ісі қандай құрметке де лайық. Қоғам тыныштығын күзететін олар уақытпен санаспайды. Осы мақсатта Қарағанды облысының Полиция департаментіне 200 жаңа көліктің кілті табысталды. Құқық қорғау саласы қызметкерлерінің автопаркі осылайша отандық темір тұлпарлармен толықты.
Көліктердің басым бөлігі патрульдық полицияға беріледі. Трассада қызмет ететін тәртіп сақшылары да жол талғамайтын көліктерге қол жеткізді.
Көлік кілттерін Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекбаев табыстады.
– Сіздердің қызметтеріңіз жедел және жайлы болуы үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауға дайынбыз. Сондықтан құқық қорғау органдарының тиімді жұмысында материалдық-техникалық базаны нығайту ерекше маңызды. Биыл құқық қорғау органдарының қажеттіліктеріне облыстық бюджеттен 22,8 млрд теңге бөлінді, оның ішінде 1 млрд-тан астамы материалдық-техникалық жабдықты жақсартуға бағытталады, – деп атап өтті облыс әкімі.
Өңір басшысы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін құқық қорғау органдарын қолдау жалғаса беретінін айтты. Ал материалдық-техникалық базаны жаңарту облыстағы жедел жағдайды жақсартумен тікелей байланысты екенін жеткізді Қарағанды облыстық полиция департаментінің бастығы Нығмет Исмағұлов:
– Өңірдегі жағдай тұрақты, қылмыстың алдын алу бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қоғамдық тәртіпті сақтау, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін алда да қолымыздан келгенін жасаймыз.
Полиция департаменті бастығының орынбасары Нұриддин Дауылбаевтың айтуынша, автопарк жыл сайын жаңартылады. Қызметтік көлік қажеттілігі 85% қамтамасыз етілген. 100 арнайы көлік қалада және трассаларда қызмет ететін патрульдық полицияға берілді. Бұл сонымен қатар қыста қар құрсауында қалып қойған адамдарды құтқару жұмыстарын жеңілдетеді.
Жаңа шағын автобустар тергеу-жедел тобының оқиға орнына шығуы үшін кезекші бөлімдерге берілді. Түптеп келгенде, мұнан мобильділік деңгейі артады. Көліктер қазіргі заманғы стандарттарға сай. Байланыс және бейнеқұрылғылармен, қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері еңбегі де ескерусіз қалмады. Қалалар мен аудандардың учаскелік полицейлері облыс әкімінің құрмет грамоталарымен марапатталды.
Жанбота БЕЙСЕНБАЙ, «QH»