Педагогтердің жалақысы өсті

2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап балабақша тәрбиешілерінің, мектеп пен колледж педагогтерінің, сондай-ақ қосымша білім беру жүйесі мамандарының жалақысы 25%-ға ұлғайды.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша педагогтердің жалақысы 2020 жылғы қаңтарда 25%-ға өсті. Ал 2021 жылғы қаңтарда тағы 25%-ға өсті. Осылайша ұстаздардың жалақысы екі есе өскен.

— Біз мұғалімдердің жалақысын көтерудің оң әсерін көріп отырмыз: педагог мамандығына қазір үздіктердің үздігі келеді. Мұғалімдердің еңбекақысын арттыру – ел болашағына үлкен инвестиция. Биылғы жылдың қаңтар айынан бастап, Президент тапсырмасына сәйкес, барлық педагог жоғары жалақы алады. Сонымен қатар, жалақымен бірге мұғалімдер алатын қосымша төлемдер де артады. Бұл қатарға біліктілік санаты (лауазымдық жалақыға байланысты 30%-дан 50%- ға дейін), магистр дәрежесі, ағылшын тілінде жүргізілетін пәндер, дәптерлерді тексергені, сынып жетекшілігі және тәлімгерлік үшін үстемеақылар бар, – деп хабарлады Бірінші вице-министр Шолпан Каринова.

Айта кетейік, педагогтердің жалақысы оқу жүктемесіне, білім деңгейіне, біліктілігінің, жұмыс өтілінің болуына, магистр дәрежесінің болуы және басқа да қосымша деңгейлерге байланысты есептеледі.

2021 жылы магистр дәрежесі үшін үстемеақы алушылар шеңбері кеңейтілді. Атап айтқанда, әдістемелік кабинеттердің әдіскерлеріне қосымша ақы белгіленді. Сондай-ақ, дене шынықтыру мұғалімдеріне сабақтан тыс уақытта қосымша спорт секцияларын өткізу үшін төлемдер қарастырылған.

Сондай-ақ, осы жылдың 1 қаңтарынан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында кітапханашылар, бух-галтерлер, зертханашылар және басқа да білім беру ұйымдары қызметкерлерінің жалақысы өсті. 2022 жылғы қаңтарда олардың жалақысы орта есеппен 20%-ға және келесі жылдары Президент жолдауы шеңберінде өсетін болады.

Аружан АЛПЫСБАЙ,

«QH»