Педагогтер шеберлігі сынға түсті

Қарағандыда техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері арасындағы өңірлік кәсіптік шеберлік байқауының қорытындысы шығарылды.

Қатысушылар құрылыс, көлік және байланыс, инженерия, киім дизайны, қонақүйді басқару және аспаздық салалар бойынша бірінші, екінші және үшінші орындарға таласты.

Құрылысшы-педагогтер жарысына бес оқытушы қатысты. Байқауға қатысушылар теориялық және тәжірибелік дайындықтарын, сондай-ақ кәсіби дағдыларын көрсетті.

Бірінші орынды Теміртау индустриалды-технологиялық колледжінің оқытушысы Дина Хуантхан иеленді.

– Мен бұл колледжде 13 жыл жұмыс істеп келем. «Құрылысшы» мамандығы бойынша өндірістік оқытумен айналысамын. Осы уақыт ішінде бірнеше студент (мамандық конкурстары мен WorldSkills жеңімпаздарын) дайындадым. Жұмысымның жоғары бағаланғанына қуаныштымын. Ең бастысы, мұғалімдердің осындай жарыстарда өз шеберліктерін көрсетуге тамаша мүмкіндігі бар, – деп есептейді Дина Хуантхан.

Көлік және байланыс саласындағы конкурсқа 10 педагог қатысты. Бұл бағыт бойынша бірінші орынды Қарағанды көлік-технологиялық колледжінің оқытушысы Олжас Оспанов иеленді.

Инженерлік салада Қарағанды машина жасау колледжінің оқытушысы Маргарита Дудник үздік деп танылды. Оның еңбек өтілі 6 жыл.

– Бұл байқау – мамандар үшін өзін танытудың бірегей мүмкіндігі. Маған кәсіби жарыстарды ұйымдастырудың жоғары деңгейі қатты ұнады, – дейді Маргарита Дудник. – Әрине, үздік деп танылу жақсы, бірақ бұл – адамға ерекше жауапкершілік жүктейді. Мен жеңімпаз мәртебесін ақтауға тырысамын.

Киім дизайнын әзірлеуде Қарағанды технология және сервис колледжінің өндірістік оқыту шебері Ақтөбе Түсіпбаева бірінші орынды иеленді. Ол қазылар алқасының мүшелерін шығармашылық шешімдерімен тәнті етіп, сенімді жеңіске жетті.

«Қонақүйді басқару» және «Аспаздық іс» номинациялары бойынша Теміртау кәсіптік-техникалық колледжінің ағылшын тілі оқытушысы Адина Хамзина және Қарағанды коммерциялық колледжінің өндірістік оқыту шебері Зарина Үрпатшаева үздік атанды.

– Конкурсты Білім басқармасы Оқу-әдістемелік орталықпен бірлесіп, өз құзыретінде өндірістік оқытудың үздік оқытушылары мен шеберлерін анықтау үшін ұйымдастырды. Жарыс колледж базаларында өтті. Жеңімпаздар біздің облысты республикалық кәсіби шеберлік конкурстарында таныстырады, – деді Қарағанды облысының білім беруді дамыту ОӘО директорының орынбасары Татьяна Нартова.

Байқау жеңімпаздары мен қатысушылары дипломдармен және сертификаттармен марапатталды.

Өңірлік кәсіби шеберлік байқауы биыл екінші рет өткізілуде. Ол колледждердің талантты, шығармашыл педагогтерін анықтауға және қолдауға, оқытушылардың беделі мен имиджін арттыруға және олардың озық тәжірибелерін таратуға бағытталған.

Арман АБИЛҚАСЫМОВ