Пара алу фактісін хабарлағаны үшін ақшалай сыйақы берілді

Қарағанды облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі пара алу фактісін хабарлаған адамдарға 3 миллион теңге көлемінде сыйақы төледі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің хабарлауынша, осы жылдың алғашқы үш айында 9 адам материалдық көтермелеу алған. Аймақтың жемқорлыққа қарсы тұлғалары нақты фактілер жөнінде ақпарат беріп, жағдайдың алдын алуға көмектескен.

Бұл адамдарға, жалпы алғанда, 2 766 800 теңге төленді. Ал 2021 жылы 17 адам жалпы сомасы 528 900 теңге болатын ақшалай сыйақы алды.

Айталық, 2020 жылы азамат 7,5 миллион теңге көлемінде ірі пара алу фактісін хабарлайды. Оның сыйақысы пара сомасының 10 пайызын құраған

«Пара, келтірілген залал сомасы, ұсынылған жеңілдіктер немесе көрсетілген қызметтер құны 1000 АЕК-тен асатын болса, біржолғы ақшалай сыйақы пара немесе келтірілген залал сомасының он пайызын құрайды, бірақ 4 мың АЕК-тен аспайды», — деп түсіндіреді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өңір тұрғындарын немқұрайлы болмауға және белсенділік танытуға шақырады.

Егер сыбайлас жемқорлықтың куәсі болсаңыз, құқық бұзушылық фактісі туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ісқимыл агенттігіне хабарлай аласыз:

  • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бірыңғай call-орталығы 1424 нөміріне (тәулік бойы тегін жұмыс істейді);
  • Қарағанды облысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің пошталық мекенжайына жазбаша түрде: Қарағанды қаласы, Әлиханов көшесі, 12;
  • Электронды цифрлық қолтаңбаңыз болса, «Электронды үкімет» www.egov.kz порталы арқылы;
  • Электронды поштаға жазбаша түрде: karaganda@nab. gov.kz.

«Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өзге де жолмен жәрдемдесетін адамдарды көтермелеу бойынша жұмыс жалғасуда және департамент басшылығының тұрақты бақылауында болады», — деп хабарлайды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет.

Аружан АЛПЫСБАЙ,

«QH»