Пәкістанда Қарағанды техникалық университетінің филиалы ашылады
Қазақстан мен Пәкістан арасындағы ғылым және жоғары білім саласындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілмек. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Пәкістан Ислам Республикасына жасаған мемлекеттік сапары аясында Ислам ынтымақтастығы ұйымының Ғылыми-технологиялық ынтымақтастық комитетінің (COMSTECH) бас үйлестірушісі, профессор Икбал Чаудримен кездесті.
Кездесу барысында тараптар ғылым, технология және жоғары білім салаларындағы өзара ықпалдастықты кеңейту перспективаларын талқылады. Атап айтқанда, қазақстандық жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің көпжақты бастамаларына қатысуы, инженерлік және техникалық ғылымдар, жасанды интеллект, медицина, ғылыми кадрларды даярлау және олардың біліктілігін арттыру бағыттарындағы бірлескен жұмыстарға басымдық берілді.
Сондай-ақ институционалдық ынтымақтастықтың нақты тетіктері қарастырылып, Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Пәкістандағы жоғары оқу орындарының бірінің базасында филиалын ашу мүмкіндігіне ерекше назар аударылды. Бұл бастама COMSTECH платформасын бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын іске асыру және ИЫҰ елдері арасындағы университетаралық байланыстарды нығайтуға арналған үйлестіруші алаң ретінде пайдалануға жол ашпақ.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бұл бағыттағы жұмыстың маңызын атап өтті:
– Біріншіден, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға, оқытушылар мен профессорлар алмасуға, студенттер алмасу бағдарламаларын дамытуға мүмкіндік туады. Қазіргі таңда Пәкістан үкіметі Қазақстан университеттерінің филиалдарын өз елінде ашуға мүдделілік танытып отыр. Қарағанды техникалық университеті бұл бастамаға толық дайын. Осылайша, біздің «жұмсақ күшіміз» өңірлік мемлекеттерге де біртіндеп шыға бастады, – деді министр.
Айта кетейік, Қарағанды техникалық университетінің Пәкістандағы филиалы инженерлік-техникалық кадрларды даярлауға, ғылыми зерттеулерді дамытуға және инновациялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталмақ. Бұл жоба екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтып қана қоймай, Қазақстанның халықаралық білім кеңістігіндегі беделін арттыруға мүмкіндік береді.
Жалпы, аталған келіссөздер Қазақстан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасы арасындағы ғылым және жоғары білім саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың жоғары деңгейде екенін және тараптардың академиялық әрі ғылыми серіктестікті одан әрі дамытуға мүдделі екенін көрсетті.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ақпараты негізінде

