Озық тәжірибе – көпке ортақ
Қарағандылықтар жақын арада өз денсаулық жағдайына қатысты шағымдарын виртуалды көмекшіге жолдай алады. Чат-бот тек тыңдап қана қоймай, қажетті дәрігерге жазылуға да көмектеседі. Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев озық тәжірибеден қалыс қалмай, оны қолданысқа енгізуді тапсырды.
– Ең ұзағы– дәрігерге қабылдауға жазылу. Статистика бойынша бұл электронды қызмет болып есептеледі. Жақында оқыдым: Мәскеу облысында «Денис» деп аталатын чат-бот енгізіліпті, ол дәрігерлерге қатысты 400 мыңнан астам науқас шағымдарын жинаған, –деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Чат-бот дәрігерге жазылмас бұрын науқастардың шағымдарын жинақтап, оларды талдап, қажетті маманды таңдайды. Оның көмегімен үйге дәрігер шақыруға болады. Дәрігерлерге жасалған жазбалар туралы ақпарат алуға мүмкіндік бар және де диспансерлеуге жазылуға болады.
– Осының арқасында дәрігер қосымша құжаттармен айналысып, ауру тарихын жүргізуге уақытын жұмсамайды. Бұл оған науқастың жағдайын мұқият зерттеп, нақты диагноз қоюға және тиімді ем тағайындауға көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, емдеу процесі жеделдеп, медициналық қызметтің сапасы артады. Осы мәселені жан-жақты зерттеп, толыққанды талдау жасау керек. Жұмысты аяқтаған соң, бірге қарап, қажет болған жағдайда жетілдірейік, – деп тапсырды өңір басшысы.
Жалпы, жыл сайын электронды мемлекеттік қызметтердің үлесі артып келеді. Өңірде атқарушы органдар 181 мемлекеттік қызмет көрсетеді. Оның 93,4%-ы қазірдің өзінде электронды форматта қолжетімді.
– Айта кету керек, қазіргі таңда 181 мемлекеттік қызметтің ішінде 12-сі әлі автоматтандырылмаған. Бұл қызметтердің бизнес-үдерісі күрделі болғандықтан, оларды цифрлық жүйеге көшіру белгілі бір уақыт пен ресурсты қажет етеді. Жалпы, жаппай қолданылатын мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру үшін жүйелі өзгерістер енгізу маңызды. Біз жыл сайын осы салаға талдау жүргізіп, электрондық қызметтердің тиімділігін бағалаймыз. Сонымен қатар, халыққа ыңғайлы баламалы электронды қызметтерді дамыту арқылы қағаз жүзінде көрсетілетін қызметтердің санын біртіндеп азайтуға жұмыс істеп жатырмыз. Бұл өз кезегінде қызмет көрсету сапасын арттырып, азаматтардың уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті Информатизация, мемлекеттік қызметтер көрсету және мұрағаттар басқармасының басшысы Константин Ильницкий.
Барлық қызметті толықтай электронды форматқа көшіру мүмкін емес және ондай мақсат та жоқ, өйткені, қағаз түріндегі қызметтерді пайдаланатын халықтың белгілі бір бөлігі әрдайым сақталады. Ал халыққа сапалы қызмет көрсетіп, шағымдардың болмауын қамтамасыз ету – басты мақсат. Өңір басшысы сондай-ақ соңғы уақытта әлеуметтік желілерде халық тарапынан түскен шағымдарға байланысты ХҚКО-дағы қызмет көрсету сапасын тексеруді тапсырды. Жауапты мамандардың айтуынша, жаңа жылдан бастап ақпараттық жүйе өзгерген, бұл белгілі бір қиындықтар туғызған.
Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,
«QH»