Отандық тауарлар үлесі артты

Қарағанды облысындағы өнеркәсіп алыптарының жергілікті өндірушілермен серіктестігі күшейді. «АрселорМиттал Теміртау» және «Қазақмыс» компаниялары сатып алулар кезінде отандық тауарлардың үлесін ұлғайтып қана қоймай, жеткізушілер тізімін кеңейтті.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша, «АрселорМиттал Теміртау» сатып алуларындағы қазақстандық қамту 72%-ды, «Қазақмыста» 50%-ды құрады.

Өңір басшысы Жеңіс Қасымбектің басшылығымен өткен онлайн-кездесуде өнеркәсіп орындары мен өндірушілер жергілікті қамтуды дамыту бойынша ынтымақтастықтың нәтижесін талқылады.

– Жергілікті қамту үлесін арттыру үшін біз «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-мен бірлесіп меморандумға қол қойдық, оған Қарағанды облысының 44 тауар өндірушісі енгізілді, – деп мәлімдеді Өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Мұрат Қыдырғанбеков. – Жергілікті өндірушілердің шикізаттық емес тауарлар көлемін арттыруына баса назар аударылды. 2021 жылдың қорытындысы бойынша, мұндай сатып алу көлемі 34,2 млрд теңгені құрады, бұл 2,9 млрд теңгеге, яғни 2020 жылмен салыстырғанда 9,3%-ға артық. «Қазақмыс» бойынша бұл сома 64,7% өсіммен 17,3 млрд теңгені құрады. Жергілікті тауарлардың үлесі екі акционерлік қоғамда да өсті.

Жақын арада компаниялар 2022 жылға арналған сатып алу жоспарларын ұсынатын болады. Оларды 1 ақпанға дейін «Қазақстандық қамту» интернетпорталынан көре аламыз.

Кездесуде өзекті мәселелер де талқыға салынды. Кәсіпорын өкілдері мазалап жүрген сауалдарын тікелей компания өкілдеріне қойды.

– Оң қарқын байқалады. Қазақстандық және жергілікті қамтудың өсуі жүріп жатыр. Компаниялар анағұрлым ашық түрде жұмыс істей бастады. Бұл ретте біз қарағандылық кәсіпорындардың өнімдері сұранысқа ие болуына мүдделіміз. Біз «баға-сапа» тең жағдайда жергілікті тауарларды сатып алуды талап етеміз. Осындай форматта кездесуді жалғастырып, туындаған мәселелерді бірге шешетін боламыз, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Қарағанды өңірінің тауар өндірушілерін қолдау және жүйе құраушы кәсіпорындардың сатып алуларындағы жергілікті қамтуды ұлғайту жөніндегі жұмыс тұрақты бақылауда.

ОБЛЫС ӘКІМДІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ