Отандық әскери техниканың мүмкіндігі сыналды

«Спасск» оқу-жаттығу полигонында Қазақстанда әзірленген заманауи әскери техникалардың көрсетілім сынақтары өтті. Шара барысында отандық өндірістегі ұшқышсыз ұшу аппараттары мен роботтандырылған кешендердің техникалық мүмкіндіктері тексеріліп, олардың жауынгерлік жағдайда атқара алатын міндеттері бағаланды.

Сынақтар шынайы ұрыс жағдайына барынша жақын ортада ұйымдастырылды. Мамандар роботтандырылған кешендердің түрлі тактикалық тапсырмаларды орындау қабілетін көрсетті. Атап айтқанда, олар оқ-дәрі мен инженерлік жабдықтарды жеткізуге, жүктерді тасымалдауға, сондай-ақ жараланған әскери қызметшілерді қауіпсіз аймаққа эвакуациялауға бейімделген. Бұдан бөлек, бірқатар роботтандырылған платформаларға пулемет және басқа да қару-жарақ түрлерін орнату мүмкіндігі қарастырылған. Бұл адам өміріне қауіп төндіретін міндеттерді техниканың көмегімен орындауға жол ашады.

Көрсетілім барысында ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару жүйесіне ерекше назар аударылды. Мамандардың айтуынша, заманауи басқару жүйесі бір операторға бір мезгілде 100-ге дейін дронды үйлестіріп басқаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар радиоэлектрондық күрес мамандары техниканың байланыс тұрақтылығын, басқару жүйесінің сенімділігін және түрлі кедергі жағдайындағы жұмыс қабілетін сынақтан өткізді.

Көрсетілім сынақтары комиссиясының өкілі Дамир Танатовтың айтуынша, мұндай сынақтардың негізгі мақсаты – отандық қорғаныс өнеркәсібі әзірлеген техникалардың әлеуетін жан-жақты бағалау.

– Негізгі мақсат – отандық әзірлемелердің мүмкіндігін тексеріп, олардың әртүрлі жағдайда тиімділігін бағалау. Сынақ барысында техниканың басқару жүйесі, функционалдық мүмкіндіктері мен сенімділігі жан-жақты сараланды. Алынған нәтижелер негізінде әзірлемелерді одан әрі жетілдіру көзделіп отыр. Болашақта мұндай заманауи техникаларды Қазақстан Қарулы Күштерінің қажетіне енгізу мәселесі қарастырылады. Бұл – еліміздің әскери технологияларын дамыту және қорғаныс әлеуетін нығайту жолындағы маңызды қадам, – деді Дамир Танатов.

Мамандардың пікірінше, ұшқышсыз ұшу аппараттары мен роботтандырылған кешендерді дамыту қазіргі заманғы әскери қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының біріне айналып отыр. Сондықтан отандық өндірістегі жоғары технологиялық техникаларды сынақтан өткізу және оларды жетілдіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»