Отандық өнімді қолдау
Отандық өндірушілерге мықты қолдау! Өңірде кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған тиімді бағдарламалар өз нәтижесін беруде. Тек өткен жылдың өзінде жергілікті бюджеттен 1300-ге жуық жаңа бизнес-жоба қаржыландырылды, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар да қолдаусыз қалмады. «Кәсіпкер» бағдарламасы мен Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жергілікті кәсіпорындар өндірісін кеңейтіп, бәсекеге қабілетті өнім шығаруға мүмкіндік алды.
Бұл – қазақстандықтардың тәтті ұйқысына кепіл болатын матрастардың серіппелері. Аталған кәсіпорын шамамен 9 жыл бұрын құрылған және ортопедиялық үлгілерді өндіруге маманданған. Серіппелерді дайындаудан бастап, блоктарды құрастыру және дайын өнімді қаптауға дейін өндірістің толық циклі жолға қойылған. Алдыңғы қатарлы өндірушілердің сапалы материалдарын пайдалану арқасында өнім көптеген импорттық баламалардан кем түспейді. Бүгінде фабрикада 40-қа жуық адам еңбек етеді, ал кәсіпорынның салықтық төлемдері жыл сайын артып келеді.
– Біз жыл сайын 15 мыңға жуық матрас пен 2 мыңға жуық жиһаз өндіреміз. Әр жылға өндірісімізді одан әрі арттырып, нақты мақсаттар қоюдамыз. Мемлекеттен келетін қолдау мен «Кәсіпкер» бағдарламасының аясында кәсібімізді кеңейттік деп айтуымызға болады. Жобадан түскен қаржыға біз қажетті материалдарды сатып алдық, – дейді сату бөлімінің басшысы Екатерина Нұрахметова.
Өңірдегі ірі тапсырыстарды орындауға дайын санаулы кәсіпорындардың бірі, ол ішкі есіктерді өндіруге маманданған. Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 10-12 мың есікті құрайды. Барлық өнім сертификатталған материалдардан жасалады. Бүгінде мұнда 20 адам еңбек етеді. Бизнес ауқымын кеңейту және жаңа жабдықтар сатып алу үшін кәсіпорын 2021-2025 жылдарға арналған Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында мемлекеттік қолдауға ие болды.
– Бес қабаттан тұрады, бірінші қабаты изолятор, ол ылғалды мүлдем өткізбейді. Сосын екі қабат грунт жағылады. Сосын барып италиялық бояуды жағамыз. Есіктерді жасау кезеңі осылай жүзеге асады, – дейді «Ismail.doors» компаниясының директоры Айдос Қабден.
Өндіріс саласын дамытып жатқан кәсіпкердің бірі Ернар Саттаров екі бірдей кәсіпті үлкен дәрежеге шығаруды көздеп отыр. Алға қойған мақсаты тек Қазақстанды емес, шетелді де бағындырып, тауарын басқа да елдерге экспорттау.
– Қарағанды облысында бізде есіктің және темірдің екі өндірісі бар. Мемлекеттің қолдауымен осындай екі өндірісті жүзеге асырып жатырмыз. Келешекте үлкен сұранысты күтудеміз, бағалары қолжетімді, әр өнімге сапасына кепілдік береміз. Мақсатымыз – шетелге шығу, бұрын Ресейден әкеліп сатсақ, екі жыл болды, өзіміз ғимарат алып, есікті өзіміз жасап шығарудамыз, – дейді кәсіпкер, ұйым жетекшісі Ернар Саттаров.
Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Ирина Любарскаяның айтуынша, шағын және орта бизнесті қолдау – ел экономикасының болашағына құйылған инвестиция. 2024 жылы облыстық бюджеттен 1 276 жаңа жоба қаржыландырылды. Бұған қоса, бұрын қабылданған міндеттемелер бойынша субсидиялау жалғасуда.
– Қарағанды облысында өткен жылмен салыстырғанда 2,4 пайызға өсті және 101 бірліктен асты. Шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандардың үлесі 40,2 пайызды құрайды. Шағын және орта бизнес субъектілерінен түсетін салық түсімі 22,7 пайызға өсіп, 370 миллиард теңгеден асты, – деп атап өтті Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Ирина Любарская.
Қолдаудың маңызды шараларының бірі – бөлшек салық мөлшерлемесін екі есеге төмендету болды: 4%-дан 2%-ға дейін. Бұл салық төлеушілер санын 20 есеге, ал салық түсімдерінің көлемін 250 есеге арттыруға мүмкіндік берді. Айта кетерлігі, өңірде шағын және орта бизнесті дамытудың басым бағыттары ретінде өңдеу өнеркәсібі мен туризм саласы белгіленген.
Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ,
«QH»