Отан қорғау – азаматтық міндет

Қазақстанда Президент Жарлығына сәйкес күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. Осыған байланысты Қарағанды облысының қалалары мен аудандарындағы шақыру комиссиялары жұмысын бастап, азаматтарды мерзімді әскери қызметке жөнелту кезеңіне кірісті.

Өңірден алғашқы әскерге шақырылушылар Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Абай облысы Мақаншы ауылында орналасқан әскери бөліміне аттанды. Алдағы уақытта Қарағанды облысынан 1200-ден астам жас азамат мерзімді әскери қызметке шақырылады.

Жастар Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің, Қорғаныс министрлігінің, Мемлекеттік күзет қызметінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің және Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланының әскери бөлімдерінде Отан алдындағы борышын өтейді.

Әскерге аттанғандардың бірі – Сергей Макавецкий. Жас сарбаз үшін әскери қызмет – өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі.

– Менің ойымша, әрбір жас азамат әскери қызмет мектебінен өтіп, Отан алдындағы борышын абыроймен өтеуі тиіс. Мен үшін бұл – өмірімдегі маңызды әрі жауапты кезең. Әскери қызмет маған шыңдалып, тәртіпке үйренуге және өмірлік тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Қызметке мақтанышпен әрі сеніммен аттанып барамын. Алдымдағы міндеттерді абыроймен орындап, Отан қорғаушысы деген жоғары атақты лайықты алып жүруге дайынмын, – деді әскерге шақырылушы.

Мамандардың айтуынша, соңғы уақытта әскери қызметке баратын жастардың көзқарасы мен дайындығында оң өзгерістер байқалады. Көпшілігі әскери міндеттің мәнін түсініп, қызметке саналы түрде келіп отыр.

– Бүгінде оң динамиканы байқап отырмыз. Әскерге келіп жатқан жастардың жасы да, көзқарасы да толысқан, таңдауы саналы. Олардың көпшілігінің жоғары немесе арнаулы орта білімі бар, кәсіби дағдыларды меңгерген және әскери қызметке не үшін баратынын жақсы түсінеді. Бұл қоғамдағы азаматтық жауапкершілік деңгейінің артып келе жатқанын көрсетеді, – деп атап өтті Қарағанды облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, полковник Дмитрий Буксман.

 

Әскери есеп – цифрлық форматта

Бүгінде әскерге шақыру жүйесінде де заманауи технологиялар кеңінен қолданылып келеді. «Цифрлық әскерге шақыру» жүйесі мен «Smart военкомат» жобасы әскери есепке алу және шақыруға қатысты бірқатар процесті автоматтандыруға мүмкіндік берді.

Атап айтқанда, азамат тұрғылықты жерін ауыстырған кезде оны әскери есепке автоматты түрде қою, 17 жастағы жасөспірімдерді әскери есепке тіркеу, сондай-ақ әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату туралы шешімдерді рәсімдеу үдерістері цифрлық форматқа көшірілген.

Әскери есепке қатысты мәліметтерді азаматтар eGov порталындағы жеке кабинеті арқылы көре алады. Бұл мемлекеттік қызметтерді алуды жеңілдетіп, әскерге шақыру үдерісінің ашықтығын арттыруға бағытталған.

Сонымен бірге Қорғаныс министрлігі әскери қызметтің тартымдылығын арттыруға және сарбаздарға қызметтен кейінгі өміріне қажет дағдыларды қалыптастыруға басымдық беріп отыр.

 

Әскер – жаңа дағдылар мектебі

Әскери қызмет барысында сарбаздар әскери-есептік мамандықтармен қатар, еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы кәсіптерді де тегін меңгере алады. Қазіргі таңда мұндай мамандықтардың саны 20-ға жуық. Олардың қатарында жүргізуші, байланыс маманы, парамедик, экскаваторшы және басқа да кәсіптер бар.

Бұл мүмкіндік әскери қызметті азаматтық өмірге қажетті кәсіби дағдылармен ұштастыруға жол ашады. Яғни сарбаздар Отан алдындағы борышын өтеп қана қоймай, болашақ мамандығына қажет тәжірибе жинақтай алады.

Әскери қызметшілер үшін әлеуметтік қолдау шаралары да қарастырылған. Атап айтқанда, қызмет өткеру кезеңінде кредит төлемдерін кейінге қалдыру мүмкіндігі беріледі. Сонымен қатар әскери қызметін өтеген азаматтардың ҰБТ тапсырмай-ақ жоғары оқу орындарына мемлекеттік білім беру гранты негізінде түсу мүмкіндігі қарастырылған.

Мұндай шаралар жастардың әскери қызметке деген көзқарасын өзгертіп, оны тек міндет ретінде емес, тәжірибе жинақтап, жаңа дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беретін маңызды өмір мектебі ретінде қабылдауына ықпал етеді.

Бүгінде әскерге шақыру жүйесін жетілдірумен қатар, әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, заманауи әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасау, Қарулы Күштердің ашықтығын арттыру және сарбаздардың ата-аналарымен байланысты нығайту бағытында да жұмыстар жүргізілуде.

Отан қорғау – әр азамат үшін жауапкершілікті талап ететін міндет. Ал әскери қызмет жас буынды тәртіпке, төзімділікке, жауапкершілікке және командалық жұмысқа баулитын маңызды мектептердің бірі. Қарағанды облысынан әскер қатарына аттанған 1 200-ден астам жас үшін бұл кезең Отан алдындағы борышын өтеумен қатар, өмірлік тәжірибе жинақтайтын маңызды белес болмақ.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»