ОТАН ҚОРҒАУ – АБЫРОЙЛЫ МІНДЕТ

Отан алдындағы борышын абыроймен атқарған Қарағанды гарнизонындағы механикаландырылған бригаданың алпыстан астам сарбазы жақын күндері өз отбастарына оралады.

Олардың басым бөлігі оңтүстік өңірден келген жастар. Сарбаздар үшін әскери бөлімнің қызметкерлері қоштасу кешін ұйымдастырды. Бұдан бөлек, бір жыл ішінде әскери міндетін адал атқарған сарбаздар марапат пен естелік сыйлықтарға ие болды.

Әскер қатарындағы бір жыл ішінде отан қорғаушылар көп нәрсені үйренді. Сарбаздар әскери бөлімде өткізілген оқу сабақтары мен жаттығу жұмыстары темірдей тәртіпке дағдыландырып, қайсарлық пен жігерлілікке баулығанын жасырмады.

— Әскери өмір қызықты, жаңа достар тауып, бұл ортаға бауыр басып кеттім. Бір жыл көзді ашып жұмғанша өте шықты, — деді Шымкент қаласынан келген сарбаз Бақытжан Бейсембаев.

Жыл көлемінде қару жастанып, қырағылық қасиетін қалыптастырған сарбаздар, әскери тәртіп пен дене даярлығының пайдасын мақтанышпен айтады. Қызметін ойдағыдай атқарған ел ұландары арасынан келісімшарт бойынша әскери қызметке қалатын сарбаздарда барын жеткізді.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ, «QH»