ОСК мүшелері қоғам белсенділерімен кездесті

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы мен бірқатар мүшесі Қарағанды облысының жұртшылығымен және қоғам белсенділерімен кездесті. Мақсат — сайлау жүйесіндегі реформаларды және осы заңнамада болатын өзгерістерді талқылау. Комиссия өкілдері саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық кеңестің, мәслихат өкілдерінің ұсыныстарын тыңдап, өзектілерін алдағы жұмыс жоспарына қоспақ.

Халық сайлаған ең жас ауыл әкімі Қарағанды облысында тұрады. Ең алғашқы аудандық маңызы бар қала әкімін сайлау да Қарағанды облысына қарасты Абай қаласында өткен. Сондықтан кеншілер астанасы сайлау жүйесіндегі реформалардың сәтті бастауы іспеттес. Сайлау реформасын кеңінен талқылаған комиссия өкілдері алдағы уақытта ел арасынан шыққан белсенділерге басымдық берілетінін айтады. «Парламентте ұсыныс бойынша мандаттардың 70 пайызы партиялық мандатпен қалыптасатын болса, 30 пайызы мажоритарлық жүйемен, былайша айтқанда, жеке тұлғаларға басымдық беріледі», — деді ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров.

Саяси жүйені реформалау мұнымен ғана шектелмейді. Облыстық мәслихаттарда мандаттарды тіркеу процесі 50 / 50 қағидасымен қалыптасатын болса, аудандық мәслихаттарда партиялық тізім мүлде болмайды. Былайша айтқанда, мұндағы мандаттардың барлығы жеке тұлғаларға беріледі. Осылайша төменнен бастап көзі ашық, көкірегі ояу, саяси сауатты, елге пайдасы бар азаматтарды іріктеп алуға мүмкіндік туады. «Саяси реформаларды жүргізуде бірінші кезекте конституция негіз болып отыр. Қазіргі саяси жүйеде партиялар трансформацияланып, баршасына тең мүмкіндік жасауға басымдық беріліп келеді. Кешегі съезде ел Президентінің партия төрағалығынан кетуі өзге саяси ұйымдарға сайлау жүйесінде тең түрде саяси додаға түсуге мүмкіндік береді», — дейді Қарағанды облыстық мәслихаты депутаттық фракциясының жетекшісі Хадиша Оспанова.

Сайлау жүйесін жетілдіру — «Жаңа Қазақстан» идеясының ең маңызды принциптерінің бірі. Демократиялық қоғамда халық өз басшысын өзі сайлауы тиіс. Елде соңғы уақытта басталған ауқымды реформалар осының айқын көрінісі екенін айтысты шараға жиналғандар.

Расул МҰХАММЕД,

«QH»