Қос мереке
Қарағанды облысы Астана күніне және Домбыра күніне дайындалуда. Өңірде мерекелерге орай 300-ден астам іс-шара өтеді.
Бесінші шілдеде Қарағандыда халықаралық екі этнофестиваль («SARYARKA ART FEST» және «Ортеке») өтпек. Өңір тұрғындары үшін барлығы 300-ден астам концерт, шеберлік сабағы, қайырымдылық акциясы және басқа да шаралар ұйымдастырылады.
«Ортеке» қазақ халық шығармашылығы фестивалі С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының сахнасында өтеді. Қытайдан, Моңғолиядан, сондай-ақ Астана, Алматы, Қарағанды қалалары мен Ақмола, Алматы, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды облыстарынан және Ұлытау облысынан 19 өнерпаз көрермендерге шығармашылығын ұсынады.
«SARYARKA ART FEST» «Cosmonaut» қонақүй кешенінің аумағында өтеді. Көрермендер Қарағанды, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия және Ресейден келген жас және дарынды этнодизайнерлер жасаған ұлттық киімдерді тамашалайды. Ал 6 шілдеде дизайнерлер жұмыстарын Орталық саябақта (каскадтан жағалауға дейінгі аумақта) көрсетеді.
Облыс әкімдігіндегі аппараттық кеңесте мерекелерге дайындық жайын Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов мәлімдеді:
– Қалалар мен аудандарда мерекелік безендіру 3 шілдеге дейін аяқталады. Елорда күніне орай барлығы 100-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Бұл – мерекелік концерттер, спорттық жарыстар, қайырымдылық және экологиялық акциялар, челлендждер, фестивальдар, тақырыптық көрмелер.
6 шілдеде Орталық саябақтың жағалауында және Майқұдық саябағында, сондай-ақ Пришахтинск мәдениет үйінің алдында әртістер өнер көрсетіп, мерекелік шаралар, бейнелеу, қыш және сәндік-қолданбалы өнерден шеберлік сабақтары, сондай-ақ спорттық жарыстар болады.
Сондай-ақ Орталық саябақта «Тақия FEST» флешмобы өтеді, дизайнерлер ұлттық баскиімдерді ұсынбақ.
Қарағанды хайуанаттар бағында аниматорлар балаларға арналған ойын-сауық бағдарламасын өткізбек және сабын көпіршіктері бар дискотека жоспарланған. 6 және 7 шілденің кешінде Орталық саябаққа келушілер «TENGRI» және «ДАМУ», «Алатау серілері» топтарының орындауындағы этномузыканы тамашалайды.
– 7 шілдеде Орталық мәдениет және демалыс саябағында «Домбыра – бабалар аманаты» флешмобы өтеді. Облыстың музыка мектептерінің, домбыра үйірмелерінің тәрбиеленушілері бірігіп Тәттімбеттің «Сарыжайлау» Құрманғазының «Сарыарқа», «Балбырауын», «Адай» және Дәулеткерейдің «Қосалқа» күйлерін орындайды, – деді Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов аппараттық кеңесте.
Жас музыканттардың өнерлері Тәттімбет атындағы академиялық оркестрдің, «Аққу» фольклорлық-хореографиялық ансамблінің және Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің дәстүрлі ән орындаушыларының қатысуымен өтетін концерттік бағдарламамен жалғасады.
«Арқа сазы» фольклорлық ансамблі 7 шілдеде Майқұдық саябағында концерттік бағдарламамен өнер көрсетеді.
Танымдық іс-шаралар облыстың мұражайлары мен кітапханаларында да өтетін болады.
Сонымен қатар Долинка мен Шаханда екі көпфункционалды хоккей корты мен балалар ойын алаңдарының ашылуы мерекелерге орайластырылған.
Облыс басшысы Ермағамбет Бөлекбаев жоспарланған барлық шараны жоғары деңгейде өткізуді тапсырды. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда Домбыра күні 2018 жылдан бері аталып өтуде. Жыл сайын ұлттық мереке шілденің бірінші жексенбісінде өтеді.
Жанбота БЕЙСЕНБАЙ, «QH»