Орталық саябақ – қала тынысының айнасы
Қарағанды қаласының қақ ортасында орналасқан Орталық саябақ – тұрғындардың сүйікті демалыс орындарының бірі ғана емес, қаланың өзіндік келбетін айқындайтын маңызды қоғамдық кеңістік. Аумағы шамамен 150 гектарды құрайтын бұл демалыс аймағы жыл сайын мыңдаған адамның басын қосып, серуендеуге, спортпен айналысуға және мәдени іс-шараларға қатысуға мүмкіндік береді. Соңғы жылдары мұнда жүргізілген жаңғырту жұмыстары саябақтың инфрақұрылымын жақсартып, оны барлық жастағы келушілерге қолайлы ортаға айналдыруға бағытталды.
Осыған орай біз Қарағанды қаласының «Мәдениет және демалыс саябақтарын басқару» ҚМҚК басшысы Дәулет Махановпен сұхбаттасып, Орталық саябақтағы өзгерістер мен алдағы жоспарлар туралы сұрап білдік.
– Қарағандының Орталық саябағы бүгінгі таңда қала тұрғындары үшін қандай маңызға ие?
– Қарағандының Орталық саябағы – қала тұрғындары үшін ең маңызды демалыс орындарының бірі әрі көпшіліктің бас қосатын сүйікті мекені. Мұнда барлық жастағы адамдар демалыс күндерін өткізіп, отбасымен және достарымен серуендейді, мерекелік іс-шараларға қатысады. Наурыз мейрамы, Жаңа жыл және басқа да қалалық мерекелер кезінде халықтың негізгі бөлігі дәл осы саябаққа жиналады, – деп атап өтті Дәулет Маханов.
– Соңғы жылдары саябақта қандай жағымды өзгерістер мен жаңартулар жасалды?
– Соңғы жылдары Орталық саябақта ауқымды абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Барлық сауда нысандары бірыңғай дизайн-кодқа көшіріліп, саябақ аумағы функционалдық аймақтарға бөлінді. Аттракциондар орналасқан белсенді демалыс аймақтары, қоғамдық тамақтану орындары, спорт алаңдары, тыныш серуендеуге арналған жасыл желекті орындар, велосипед жолдары мен скандинавиялық жүріске арналған бағыттар ұйымдастырылды. Сонымен қатар саябақ көлдерінің экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында бірнеше кезеңмен ақ амур мен дөңмаңдай балықтары жіберілді. Бұл балықтар су өсімдіктерін табиғи жолмен азайтып, көлдердің тазалығын сақтауға ықпал етеді. Сондай-ақ көлдерді тазарту жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді, – деді мекеме басшысы.
– Бұл өзгерістерді жасаудағы басты мақсат қандай болды?
– Негізгі мақсат – қала тұрғындары үшін жайлы, заманауи әрі экологиялық таза қоғамдық кеңістік қалыптастыру. Әр адам өз қалауына сай белсенді демалысты да, тыныш серуенді де осы саябақтан таба алуы тиіс. Жүргізілген жұмыстар тұрғындардың оң бағасына ие болып жатыр деп есептейміз. Сонымен қатар саябақ әкімшілігі тұрғындармен үнемі кері байланыста жұмыс істейді. Егер қандай да бір ұсыныстар мен ескертулер болса, олар назарға алынып, мүмкіндігінше жедел шешімін табады, – деп түсіндірді Дәулет Маханов.
– Қазіргі таңда Орталық саябақта отбасылық демалыс пен жастардың бос уақытын өткізуіне қандай мүмкіндіктер бар?
– Бүгінде Орталық саябақ барлық жас санатындағы тұрғындарға арналған жан-жақты демалыс мүмкіндіктерін ұсынады. Мұнда аттракциондар, спорт алаңдары, велосипед жолдары, серуендеу аймақтары, балалар ойын алаңдары және табиғат аясында тынығуға арналған орындар бар. Жастар үшін концерттер, би кештері мен спорттық шаралар ұйымдастырылса, отбасылар балаларымен бірге қауіпсіз әрі жайлы ортада демала алады.
– Саябақтың қала келбетіне қосып отырған үлесін қалай сипаттар едіңіз?
– Орталық саябақ – Қарағандының басты көрікті орындарының бірі әрі қаланың визиттік картасына айналған ерекше нысан. Ол Қазақстандағы ең ірі саябақтардың қатарына кіреді және қала туралы бейнероликтер мен фотоматериалдарда жиі көрініс табады. Саябақтың ерекше нысандарының бірі – Қазақстанда сақталған жалғыз балалар темір жолы. Гарри Поттер стилінде безендірілген пойызбен келушілер саябақ аумағын шамамен 25 минут аралап, оның табиғаты мен көркем жерлерін тамашалай алады. Жол ақысының қолжетімді болуы үшін билет бағасы бірнеше жылдан бері 200 теңге деңгейінде сақталып келеді, – деді Дәулет Маханов.
– Тұрғындар тарапынан ең жиі айтылатын жылы пікірлер қандай?
– Қала тұрғындары саябақтың жылдан-жылға көркейіп, тартымды әрі жайлы демалыс орнына айналып келе жатқанын жиі атап өтеді. Саябақ қызметкерлері өз қолдарымен түрлі безендіру элементтері мен инсталляциялар жасап, мерекелік атмосфера қалыптастыруға ерекше көңіл бөледі. Сонымен қатар қайта өңделетін материалдарды қайта пайдалану тәжірибесі де жолға қойылған. Мысалы, қыс мезгілінде пайдаланылған жаяу жүргіншілер көпірінің материалдарынан кейіннен жағалауға сән берген кеме композициясы жасалып, бүгінде саябақтың ерекше көрнекі нысандарының біріне айналды, – деді мекеме басшысы.
– Саябақта мәдени және қоғамдық іс-шараларды ұйымдастыру тәжірибесі қалай дамып келеді?
– Соңғы бес жылда Орталық саябақ Қарағандыдағы мәдени өмірдің негізгі орталықтарының біріне айналды. Көктемнен күзге дейін мұнда апта сайын концерттер, фестивальдер, спорттық және шығармашылық іс-шаралар өткізіледі. Ерекше сұранысқа ие жобалардың бірі – ашық аспан астындағы би кештері. Әсіресе аға буын өкілдеріне арналған би алаңдары тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналған. Сонымен қатар жергілікті өнерпаздар, музыканттар, спортшылар мен шығармашылық ұжымдар тұрақты түрде өнер көрсетіп, саябақтың қоғамдық өмірін жандандырып келеді, – деп бөлісті сұхбаттасушымыз.
– Алдағы уақытта Орталық саябақты одан әрі көркейту бойынша қандай жоспарлар бар?
– Орталық саябақты дамыту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Жоспарда аумақты одан әрі абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын күшейту, жаңа демалыс кеңістіктерін құру және тұрғындардың жайлы демалысына арналған заманауи жобаларды іске асыру көзделген. Жаңа бастамалар мен жобалар туралы ақпарат ресми ақпараттық ресурстар мен әлеуметтік желілер арқылы тұрақты түрде жарияланып отырады, – деді Дәулет Маханов.
– Әңгімеңізге рақмет, Дәулет мырза!
Ералы ҒАНИ,
«QH»

