Орталық сайлау комиссиясы «АMANAT» және «Respublica» партияларының партиялық тізімдерін тіркеді

15 ақпанда «АMANAT» партиясы мен «Respublica» партиясы» қоғамдық бірлестіктерінің партиялық тізімдерін тіркеу және шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеу мәселелері бойынша Орталық сайлау комиссиясының екі отырысы өтті, деп хабарлады ҚР ОСК баспасөз қызметі.


Отырыстарға облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелері (БКБ режимінде), Бас прокуратураның, әділет, ішкі істер, қаржы министрліктерінің, сондай — ақ аталған саяси партиялардың, бұқаралық ақпарат құралдарының және ЕҚЫҰ ДИАҚБ сайлауды байқау Миссиясының өкілдері қатысты.

Бірінші отырыс шеңберінде 2023 жылғы 19 наурызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауында «АMANAT» партиясы қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімін тіркеу туралы мәселе қаралды.

ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров отырысты аша отырып, «АMANAT» партиясы ағымдағы жылдың 8 ақпанында Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлауға партиялық тізімді ұсыну туралы құжаттарды Орталық сайлау комиссиясына ұсынғанын хабарлады.

ОСК өз құзыреті шеңберінде кандидаттардың Конституциямен және Сайлау туралы Конституциялық заңмен қойылатын талаптарға сәйкестігін айқындау бойынша тиісті рәсімдер жүргізді.

Осы мәселе бойынша Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман баяндама жасады.

Ол «AMANAT» партиясы 90 адамнан тұратын партиялық тізімді ұсынғанын хабарлады. Олардың 29-ы әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар, бұл жалпы енгізілгендердің 32,2 процентін құрайды.

Партиялық тізімге енгізілген барлық адамдар Конституция мен сайлау туралы Конституциялық заңның талаптарына сәйкес келеді.

Сондай-ақ Мұхтар Ерман 2021 жылғы 10 қаңтарда Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауында «AMANAT» партиясы сайлаушылардың 71,09 процентін жинағанын атап өтті. Сондықтан бұл партия сайлау жарнасын төлеуден босатылады.

Кандидаттардың сәйкестігін анықтау және партияның партиялық тізімін тіркеу туралы хаттамаларға қол қойылғаннан кейін ОСК мүшелері «2023 жылғы 19 наурызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауында «AMANAT» партиясы қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімін тіркеу туралы» қаулы қабылдады.

Барлық тіркелген кандидаттарға тиісті куәліктер берілді. Енді «AMANAT» партиясы сайлау қорын қалыптастыру үшін арнайы уақытша шот ашуға құқылы.

Екінші отырыс шеңберінде 2023 жылғы 19 наурызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауында шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеу және «Respublica» партиясы» қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімін тіркеу мәселелері қаралды.

Бірінші мәселе бойынша Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман баяндама жасады.

Ол 2023 жылдың 20 қаңтарында халықаралық байқау институты ашылғаннан бері 6 шет мемлекеттен және 3 халықаралық ұйымнан 72 байқаушы аккредиттелгенін хабарлады.

Бүгін аккредиттеуге 3 шет мемлекеттен 7 байқаушының кандидатуралары ұсынылды:

— Армения Республикасы мен Грузия Орталық сайлау комиссияларынан 2 кандидатура;

— Франция Республикасынан 3 кандидатура.

Мұхтар Ерман аккредиттеуге ұсынымдар түскен сайын байқаушылар бойынша деректер жаңартылатынын атап өтті.

Отырыстың екінші мәселесіне тоқтала отырып, Нұрлан Әбдіров Орталық сайлау комиссиясына 2 азаматтан оларды «Respublica» партиясының партиялық тізімінен өз еркімен шығару туралы өтініш ресми түрде келіп түскенін және Орталық сайлау комиссиясының тиісті шешімдерін қабылдау қажеттігін атап өтті.

Осы мәселе бойынша Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавқат Өтемісов баяндама жасады.

Ол «Respublica» партиясы 25 адамнан тұратын партиялық тізімді ұсынғанын хабарлады. Сондай-ақ 14 ақпанда Орталық сайлау комиссиясына 2 кандидаттан оларды осы партияның партиялық тізімінен шығару туралы өтініштер түсті.

Сайлау туралы Конституциялық Заңның 90-бабының 1-тармағына сәйкес өтініштер негізінде Орталық сайлау комиссиясының қаулыларымен «Respublica» партиясы» қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімінен өтініш білдірген азаматтарды алып тастады.

Осыны ескере отырып, партиялық тізімде 23 адам, оның 8-і әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар, бұл жиынтық бойынша 34,8 процентті құрайды.

Партиялық тізімге енгізілген барлық адамдар Конституция мен сайлау туралы Конституциялық заңның талаптарына сәйкес келеді.

Шавқат Өтемісов «Respublica» партиясы өткен парламенттік сайлауға қатыспағанына назар аударды. Сондықтан Сайлау туралы Конституциялық заңның 88-бабына сәйкес партия тізімді тіркеу үшін Орталық сайлау комиссиясының шотына сайлау жарнасын енгізуі керек. Жарна сомасы — партиялық тізімге енгізілген әрбір адам үшін ең төменгі жалақының он бес еселенген мөлшері. «Respublica» партиясы сайлау жарнасын толық көлемде төледі.

Кандидаттардың сәйкестігін анықтау және партиялық тізімді тіркеу туралы хаттамаларға қол қойылғаннан кейін ОСК мүшелері «Respublica» партиясы» қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімін тіркеу туралы» қаулы қабылдады.

Барлық тіркелген кандидаттар тиісті куәліктерді алды. Енді партия сайлау қорын қалыптастыру үшін арнайы уақытша шот ашуға құқылы.

Осылайша, жеті саяси партия ұсынған партиялық тізімдерді Орталық сайлау комиссиясы тіркеді.