Ортақ дәліз – ортақ жауапкершілік
Көпқабатты тұрғын үйлердегі ортақ дәліздер мен баспалдақ алаңдарын жеке қоймаға айналдыру соңғы уақытта Қарағандыда жиі көтерілетін мәселелердің біріне айналды. Велосипедтер, балалар арбалары, ескі жиһаздар мен түрлі тұрмыстық заттардың эвакуациялық жолдарға қойылуы тұрғындар арасында дау туғызып қана қоймай, өрт қауіпсіздігіне де үлкен қауіп төндіреді. Мамандар мұндай әрекеттердің заңға қайшы екенін ескертіп, «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында тұрғындарды ортақ мүлікке жауапкершілікпен қарауға шақырады.
Жуырда әлеуметтік желілерде подъезде тұрған велосипедке бояу шашылған оқиға көпшіліктің назарын аударды. Көршілер арасындағы келіспеушілік осындай келеңсіз жағдайға ұласқан. Әрине, бөтеннің мүлкін бүлдіру – заң алдында жауапкершілікке әкелетін әрекет. Алайда мәселенің түп-төркіні ортақ пайдалану аумағын жеке мақсатқа пайдалануынан туындап отыр.
Қала тұрғыны Татьяна Синельникованың пікірінше, кіреберіс – тұрғындардың бәріне ортақ кеңістік.
– Кіреберіс велосипед пен самокат сақтайтын орын емес. Олар пәтерде немесе арнайы қоймада тұруы керек. Дәлізде ескі жиһаздың, қораптардың жиналуы да дұрыс емес. Бұл – бәріне ортақ аумақ, сондықтан оның әрдайым бос әрі таза болғаны маңызды, – дейді тұрғын.
Сонымен қатар, тұрғындардың бір бөлігі мәселенің екінші жағына назар аударады. Ескі үйлерде арнайы қойма бөлмелерінің жоқтығы кей азаматтарды заттарын дәлізге уақытша қоюға мәжбүрлейді.
Дегенмен, қауіпсіздік талаптары мұндай уәждерді қабылдамайды. Өйткені баспалдақ алаңы мен дәліздер – төтенше жағдайда адамдар эвакуацияланатын негізгі жол.
Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Елдос Зияданың айтуынша, өрт қауіпсіздігі қағидаларында бұл талап нақты көрсетілген.
– Өрт қауіпсіздігі қағидаларына сәйкес баспалдақ алаңдарында, баспалдақ астында және эвакуациялық жолдарда жиһаз, велосипед, балалар арбасы немесе басқа да жанғыш материалдарды сақтауға болмайды. Сондай-ақ эвакуациялық шығу жолдарын тарылтуға және бөгеп қоюға тыйым салынады. Бізге мұндай мәселелер бойынша тұрғындардан тұрақты түрде шағымдар түседі. Әрбір өтініш жеке қаралып, заң талаптарына сәйкес тиісті шаралар қабылданады. Өйткені төтенше жағдайда бірнеше секундтың өзі адам өмірін сақтап қалуы мүмкін, – дейді Елдос Зияда.
«Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес, подъездегі дәліздер мен баспалдақ алаңдары барлық пәтер иелерінің ортақ мүлкі болып саналады. Сондықтан оны жеке қойма немесе тұрақ ретінде пайдалануға ешкімнің құқығы жоқ.
Мұндай талаптарды бұзған азаматтарға алдымен ескерту беріледі. Егер заң бұзушылық жойылмаса, қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бұдан бөлек, өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін де жеке айыппұл салынады. Ал тұрғын үйді басқаратын МИБ немесе басқарушы компания мұндай заңсыздықтарға жол берсе, жауапкершілік сол ұйымдарға да жүктеледі.
Мамандардың айтуынша, мәселе тек айыппұлда емес. Ортақ дәлізде тұрған әрбір артық зат өрт кезінде адамдардың қауіпсіз эвакуациялануына кедергі келтіруі мүмкін. Сондықтан көпқабатты үйдегі жайлылық ең алдымен әр тұрғынның жауапкершілігінен басталады. Ортақ мүлікті құрметтеу, көршінің қауіпсіздігін ойлау және заң талаптарын сақтау – қауіпсіз әрі жайлы тұрғын үй мәдениетінің басты қағидаларының бірі.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

