Орман алқабын ұлғайту жұмыстары қарқын алды
Президенттің орман алқаптарын ұлғайту жөніндегі тапсырмасы аясында Қарағанды өңірінде жүйелі жұмыс жүргізілуде. Орман шаруашылықтары ағаш отырғызу, топырақ дайындау және тұқым жинау жұмыстарын белсенді атқарып жатыр. Бұл шаралар 2027 жылға дейінгі ормандарды молайту жөніндегі кешенді жоспардың бір бөлігі ретінде іске асырылуда.
Қарағанды облысында орман қорын ұлғайту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жалпы аумағы 127 мың гектардан асатын өңір ормандарына ұлттық «2 миллиард ағаш отырғызу» бастамасы аясында екі миллионға жуық көшет егілді. Биылдың өзінде 439 гектар жерге 1 миллион 635 мың ағаш отырғызу көзделіп отыр.
– Күзгі осы кезеңде, міне бүгіннен бастап біз орман тұқым бақтарында көшеттерді қазып алу жұмыстарын бастадық. Ол аяқталғаннан кейін біз осы орман қорына күзгі жоспарлаған ағаштарымызды егіп бітіреміз. Жұмыстар жалғасуда, барлығы 600 гектар жерді жырту жұмыстары басталды, ол жерді біз екі жыл дайындаймыз, – дейді Қарағанды облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бақтияр Санбаев.
Көктемгі кезеңде Қарағанды облысында 1,3 миллионға жуық көшет егілсе, күзде бұл жұмыс 160 гектардан астам аумақта жалғасады. Ағаш отырғызу науқанына қажетті материалдармен қамтамасыз ету үшін Қарағанды орман тәлімбағы қарқынды жұмыс жүргізуде. Жылдық қуаттылығы 1,3 миллион көшет болатын тәлімбақтың аумағы 2027 жылға дейін 40 гектарға кеңейіп, жыл сайын өсірілетін көшет көлемі 4 миллион данаға дейін ұлғайтылмақ.
– 2026 жылға алдын-ала мәліметтер бойынша 2424 мың дана көшет бізде бар, ол көшетті біз екі жыл бұрын, ормандардан жинап, оны біздің орман тұқым бағына ектік. Келесі жылы жайқалып өскен соң, екі жылдық стандарт болады. Оны біз 2026 жоспарға сәйкес оны егетін боламыз, – деп атап өтті басқарма басшысы.
Қарағанды облысында орман өсіруге қолайлы жерлерді көбейту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Бүгінде 6 мың гектардан астам аумақ мемлекеттік орман қорына беріліп, материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында арнайы техникалар сатып алынуда. Сонымен қатар, орман тұқым станциясын салу да жоспарға енгізілген. Бұл шаралардың барлығы өңірдің табиғи байлығын сақтау мен көбейтуге бағытталып, тұрақты бақылауда ұсталып отыр.
Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,
«QH»